Субсидия аз, несие алуға қаржы инструменттері жоқ. Қой шаруашылығы қалай дамиды

12 Қыркүйек 2023, 10:15
826
Бөлісу:
Субсидия аз, несие алуға қаржы инструменттері жоқ. Қой шаруашылығы қалай дамиды
Фото: Атамекен

Ұлттық палатада қой шаруашылығын дамыту бағдарламасы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ата-бабамыз «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп айтып қана қоймай, оның өнімін еш қалдықсыз өңдеген. Отар-отар қойды технология жоқ кезде баққан. Алайда, мамандардың айтуынша, жылдар өте жер құнарсыз болып, қой азайып, көптеген тұқымының генокоды жойылып барады. Соған қарамастан Қазақстанның жері қой бағуға әлі қолайлы және технологиямен құнарын арттыру керек. Ол үшін жан-жақты зерделегенген бағдарлама, білікті мамандар мен ғалымдар, сондай-ақ ең бастысы мемлекет тарапынан қолдау қажет. Шопан статусын белгілеп, білікті мамандарды көбейткен жөн. Мұндай пікір Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Қой шаруашылығын дамыту бағдарламасын талқылауда айтылды.

Әлемде Австралия, Жаңа Зеландия, Қытай қой өсіруден көш бастап тұрғанмен, қазақтың қойына сұраныс жоғары. Тек Қытай әлі күнге дейін ішкі нарығын толық қамти алмай келеді және импортқа тәуелді елдердің алдыңғы қатарында. Ал, парсы елдері Қазақстаннан қой етін қымбатқа алуға дайын. Тек жыл он екі ай жеткізу керек. Ішкі нарықтағы сұраныс та төмен емес. Сондықтан елімізде қой шаруашылығын дамытудың маңызы зор. Үкімет бұл мақсатта «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына Қой шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қой шаруашылығын дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сол мақсатта Ұлттық палата қой шаруашылығының мамандары, қоғамдық бірлестіктері және шаруашылық басшылары, АШМ және ветеринария комитетінің өкілдерін тартып, жұмыс тобын құрды... Қазақстанда орта есеппен 90-100 млн қой ұстауға мүмкіндік бар. Алайда кедергі көп. Субсидия аз, қой өсіруге несие алуға қаржы инструменттері жоқ, сондай-ақ мал ұрлығы азаяр емес. Сондықтан басты мақсатымыз – сол қойдың мәселесін ортаға салып, ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз, – деп бастады жиынды «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев.

Ұлттық палатаның сарапшылары 2024-2029 жылдарға арналған қой шаруашылығын дамыту бағдарламасын қолға алды. Мамандардың айтуынша, құжатты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Қазақстанда АӨК-ті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған жоспарына енгізуге болады. Себебі сарапшылардың жиында талқылауға ұсынған жоспары соған сәйкес жасалған. Бұл ретте Ұлттық палата АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Еркен Наурызбеков елдегі қой шаруашылығының қазіргі жағдайын баяндады. Оның сөзінше, былтыр Қазақстанда 21,3 млн қой болған.

Қой саны көбейіп жатыр. Динамика бар, кезең-кезеңмен жалғасып келеді. Дегенмен мемлекеттің қой шаруашылығын дамыту саясатын жақсарту керек. Сонда динамика қарқыны ұлғаяды... Қытай, Араб Әмірліктері, жалпы Парсы шығанағының импортқа тәуелділігі жоғары. Араб әмірліктері жыл сайын шамамен 55 мың тонна импорттайды. Қазақстан үшін бұл – таптырмас нарық. Ол жаққа Австралия да экспорттайды, Қазақстан жыл сайын мың тоннаға жуық сатады. Бұл елге экспорт ұлғайып келеді, бірақ мұны арттыруға болады, – деп баяндады жағдайды Еркен Наурызбеков.

Сонымен қатар, сарапшы Арқалықта пилот ретінде қой шаруашылығын дамыту қолға алынғанын атап өтті. Қазір бұл өңірде қоймен айналысатын 4 бизнес субъекті, 73-ке жуық ірі субъекті бар. Шаруалар қой санын арттыру үшін өтінім беріп қойған.

Неге Арқалық қой өсіруге қолайлы қала ретінде таңдалды дегенге келсек, қаланың сыртында 1,5 млн га жер бар. Оның 1,1 млн га жайылым, бұдан бөлек шөп өсіретін жер бар. Жалпы тарихқа қарасақ та Торғайда қой өсірілген және табиғаты қолайлы. 1992 жылға дейін бұл өңірде қой шаруашылығы жақсы дамыған. Жалпы Арқалықта қой шаруашылығын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы дамыту жолын ұсындық. Шаруаларға тауар немесе ақшалай несие ұсыну керек. Содан кейін қой жүнін қабылдау орындарын ашу, тасымалды реттеу қажет. Бұлардың бәрі бағдаралмаға енгізіледі, – деп қосты сарапшы.

«Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Ернұр Әбжан бағдарламаға жерге қатысты енгізілетін ұсыныстарды атады.

Әр жердің өз өнімділігі бар. Бүгінде тек жерді пайдаланып жатыр не пайдаланбай жатыр деп есептейді. Ал, рационалды түрде пайдаланып жатыр ма, жоқ па – оны ешкім қарап жатқан жоқ. Сондықтан осы қой шаруашылығын дамыту бағдарламасының аясында жерді кімге және қалай үйлестіреміз дегенді қозғадық. Қазіргі қағидаларға қатысты шағым көп. Соны ескере отырып, осы қағидаларды қайта қарап, жерді тиімді пайдаланып отырғандарға беруді ұсындық. Екінші мәселе, мемлекет жердің сапасын тексеру керек. Яғни, қой бағамын деген шаруаға талап қойып, жер табуға болады. Сондай-ақ, мониторинг жүргізу керек. Жерге қатысты осы және басқа жұмыстар ұсынылады, – деді Ернұр Әбжан.

Сонымен қатар, талқылауға Түркістан облысының кәсіпкер палатасынан Нұрлыбек Боранбаев арнайы қатысты. Ол қазақтың түптамырында жатқан қой шаруашылығы көптеген жыл назарсыз қалып, «тіпті қойдың генокодынан айырылып қала жаздадық» дегенді айтты. Оның себебін былай түсіндірді.

Жалпы макроэкономика болмайынша, сол мәселе шешілмейінше, қойға бағдарлама да жасалмады. Көңіл бөлінбеді, мемлекет қолдамады. Соның салдарынан осы күйде қалдық... Жайылым бар, оны тиімді пайдалана алмаймыз. Мәселелер қордаланды. Енді не істеу керек? Бірінші, шопанның статусын белгілеу керек... Оның отбасымен тұратын жерін әзірлеп, балаларына жағдай жасап, басымдық беру керек. Кадр дайындау курсын ашып, ауылды дамыту бағдарламасын қайта қарау керек. Жайылымды дамыту, суару көздерін әзірлеу керек. Айта берсек, көп... – деп пікір білдірді Нұрлыбек Боранбаев.

Сондай-ақ, түркістандық маман палатаның көтеріп отырған бағдарламасына ризашылық білдіріп, өңірдегі шаруалардың қуанышын жеткізді. Бұдан бөлек жиынға Ауыл шаруашылығы министрлігінің және ветиранирия комитетенің өкілдері қатысып, кәсіпкерлермен бірге талқылауға дайын екенін айтты.

«Қылшық жүнді өнімділік бағытындағы қойлар» республикалық палатасының атқарушы директоры Қайырлы Омашев аталған бағдарламаны қолдайтынын және сарапшы ретінде пікірін қосты.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының дайындайтын бағдарламасына атсалысуға дайынбыз. Жайылымның 70 пайызы шөл және шөлейт жер екен. Ол жер – тек географиялық ерекшеліктеріне байланысты қой мен жылқының жайылымдық жері. Сол алқап осы шаруашылықтарды дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Енді технологияға келсек, біз баяғы ата-бабамыз баққан әдіспен бағып келеміз. Бірақ 21 ғасырда қанша технология бар. Бірақ оларды енгізгеннің өзінде мемлекеттен көмек керек. Жер дегредацияға ұшырап жатыр. Оларды анықтау керек. Осындай мәселелерді ескерген жөн, – деп қосты Қайырлы Омашев.

Ұлттық палата сарапшылары жиында айтылған ұсыныстарды ескеріп, бағдарламаға қосады. Сондай-ақ, құжатты әрі қарай жетілдіреді.

Өзгелердің жаңалығы