Алдағы жылы субсидия алу үшін агрохимиялық картограмма міндеттеледі – вице-министр

13 Наурыз 2020, 11:45
2008
Бөлісу:
Алдағы жылы субсидия алу үшін агрохимиялық картограмма міндеттеледі – вице-министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесіп, аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі кеңеске қатысты.

Облыс әкімдігінде өткен кездесуде А.Сапаров өңірдегі сала мамандары мен шаруаларға еліміздегі мал және өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы жеткен жетістіктерді баяндады.

Сонымен қатар, ол ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігі мен тиімділігін арттыру бойынша Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, ҚР АШМ 2020 жылға арналған жоспарын, ағымдағы жылы жүзеге асырылуы тиіс міндеттерге толығырақ тоқталды.

ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі етті мал шаруашылығы бағдарламасының негізгі екпіні "фермерлік шаруашылықтарды" құруға бағытталғанын, ал егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысы "экспортқа бағытталған дақылдарды" өсіру бойынша жүзеге асырылатынын атап өтті.

Сондай-ақ, министрлік – суармалы жерлердің алқаптарын кеңейтуге, тауарлы сүт фермаларын құру және дамытуға, Қытай нарығына арналған шошқа етін өндіруге, ауыл шаруашылығы техника паркін жедел жаңартуға, жеміс-көкөніс, ірімшік, сүзбе және құс еті бойынша импортқа тәуелділікті төмендетуге, дәлме-дәл егіншілікті енгізуді жалғастыруға, фермерлерді – минералды тыңайтқыштарды белсенді қолдануға, олардың агро саладағы ғалымдармен бірігіп жұмыс істеуге және қауіпті зиянкестермен күресуге ынталандыруға басымдық беріп отыр.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, АӨК дамытудың жаңартылған бағдарламасын іске асыру жақсы нәтиже көрсетті. Мысалы, 2019 жылы 82 мыңнан астам аналық ірі қара малды және 374,4 мың аналық қойды сатып алу қаржыландырылған. Нәтижесінде ІҚМ айналысатын 840 жаңа кәсіпорын және мыңнан астам қой шаруашылығы құрылды, бұл 2018 жылға қарағанда орта есеппен екі есеге артық.

Шошқа шаруашылығы саласында өткен жылы жалпы қуаттылығы 20 мың тоннаға жуық 4 жоба іске асырылды. 2020 жылы "АПК "Бавария продукт" ЖШС 5,5 мың тонна шошқа етін өндіретін кешен салуды жоспарлап отыр.

2019 жылы құс етінің импорты 4%-ға төмендеді. Бұл Ақмола облысында 25 мың тонна ет өндіруге бағытталған ("Макинск құс фабрикасы" ЖШС) жобаның бірінші кезеңін іске қосумен және Жамбыл облысындағы ("Әулие Ата Феникс" ЖШС) қолданыстағы құс фабрикасын кеңейту жобасымен байланысты. 2020 жылы құс шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы аясында ҚР АШМ құс етін өндіру көлемін арттыруға бағытталған шараларын жалғастырады.

Импортты алмастыру мақсатында сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2019 жылы жалпы саны 7,5 мың басты құрайтын 30 тауарлы сүт фермасы (оның ішінде 8 өнеркәсіптік) қаржыландырылып, іске қосылды. Салалық бағдарламада белгіленген көрсеткішке қол жеткізу үшін 2020 жылы тағы 25 өнеркәсіптік және 30 отбасылық тауарлы сүтті ферманы құру қажет, - деп атап өтті А.Сапаров.

Сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі өз баяндамасында өсімдік шаруашылығын дамыту және ағымдағы жылғы егістік науқанына аса назар аударды.

Айдарбек Сапаровтың айтуынша, 2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 22,5 млн га алқапқа егіледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 240 мың гектарға артық. Егін науқанына шамамен 387 мың тонна дизель отыны бөлінген. Сондай-ақ, биыл елімізде көкөніс, бақша, картоп, майлы және азықтық дақылдар алаңы ұлғайтылып, дәнді дақылдар алаңы азаяды.

Бірінші вице-министр кеңес барысында тыңайтқыштарды қолдану мәселесі өткір тұрғанына назар аударды. Белгілі болғандай республика бойынша тыңайтқышты қолдану көлемі төмен деңгейде, нақтырақ айтсақ қажеттіліктің тек 15%-ы аясында екен.

2019 жылы 2018 жылға қарағанда тыңайтқыш аз сатып алынған. Тыңайтқыштарды қолдану қарқынының төмендеуінің негізгі себебі, әсіресе оңтүстік өңірлерде агрохимиялық картограммалардың болмауы болды. Келесі жылдан бастап "субсидия" алу үшін агрохимиялық картограмма міндетті түрде болу керектігін еске салғым келеді, - деді Айдарбек Сапаров.

Сондай-ақ, бірінші вице-министр аграршыларды топыраққа агрохимиялық талдауды белсенді жүргізуге шақырды. Бүгінде осындай талдауларды жүзеге асыру үшін фермерлердің өтініші бойынша Қостанай және Петропавл қалаларында заманауи автоматтандырылған жабдықтары бар жаңа агрохимиялық зертханалар да ашылған.

Айдарбек Сапаров жиын барысында ауыл шаруашылығында "қайта өңдеу саласын" дамытуға тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет аграрлық секторды дамытуға елеулі қолдау көрсетіп, өндіріс көлемінің ұлғаюын, өндірілетін өнімнің өнімділігі мен сапасын арттыруды, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығын барынша арттыруды көздейді.

2019 жылы 1,6 трлн теңгеге азық-түлік өнімдері өндірілді. Оның ішінде өсімдік майы, ұннан жасалған кондитерлік және макарон өнімдерінің көлемі өскені байқалады. Бұл ретте ұн, жеміс-көкөніс консервілері мен шырыны, жарма және қантты кондитерлік өнім және қантты өндіру көлемі төмендеген. Осыған байланысты, жеке өңделген өнім көлемін арттыру бойынша шаралар қабылдау қажет, - деп атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.

Облыс әкімдігінде өткен мәжілістен кейін А.Сапаров Қарағанды облысының ірі кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Атап айтсақ, ол салынып жатқан "Global City" көліктік-логистикалық кешенінде болып, онда ауыл шаруашылығы тауарларын сақтау және көтерме-бөлшек саудаға арналған қоймалар мен сауда павильондарын аралады. Сондай-ақ, ірі қара мал өсірумен айналысатын "Жәке" шаруа қожалығында және "Нәтиже" сүт фабрикасында болды.

Өзгелердің жаңалығы