Су тасқынының алдын алуға мүмкіндік беретін технология ұсынылды

23 Ақпан 2023, 15:50
4046
Бөлісу:
Су тасқынының алдын алуға мүмкіндік беретін технология ұсынылды
Фото: aqmeshit-aptalygy.kz

С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университеті су тасқынының алдын алуға мүмкіндік беретін технология ұсынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Агроөнеркәсіптік кешенге цифрлық технологияларды енгізу мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігі цифрландыру кеңсесін құрғандығы белгілі.

АӨК-ке цифрлық технологияларды енгізу екі негізгі міндет аясында жүзеге асырылады. Олар АӨК мемлекеттік реттеу жүйесін цифрландыру және АӨК технологиялық қайта жарақтау.

Осы міндеттерді негізге ала отырып, С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінде 2021 жылы Агро-өнеркәсіп кешенін цифрландыру саласында технологиялық құзыреттілік орталығы құрылған болатын. 

Жүйелі еңбек нәтижесінде аталған орталық мамандары төмендегі 3 жобалық технологияны ойлап тапты: 

- ғарыштан түсірілген суреттер негізінде қар көлемі мен қар құрамындағы су көлемін анықтау;

- жер бедерінің цифрлық моделін жасау және тасқын сулардың ағу жолдарын анықтау;

- жер бедерін, қардың, судың көлемін талдау және қорғаныс құрылыстарын орналастыру орындары бойынша ұсынымдар жасау.

Бұл технологиялар еріген сулар елді мекенге қарай ағып кетуі мүмкін су жинау алаңдарын анықтауға және осы алаңнан жиналған су көлемін есептеуге, сондай-ақ рельефтің сандық моделін жасауға және еріген сулар қай бағытта, қай жерлерге ағатындығын анықтауға, сондай-ақ көктем айларындағы су тасқынына қарсы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Алда көктем келе жатыр. Күн жылып, қар ерігенде жылда су таси бастайды. Осының алдын алу үшін өзіміз жасап шығарған осы технологияны солтүстік өңір әкімдіктеріне ұсындық. Қазір жауабын күтіп отырмыз, - дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Агро-өнеркәсіп кешенін цифрландыру саласында технологиялық құзыреттілік орталығының директоры Фараби Ермеков.

Сонымен қатар орталық мамандары еріген сулардың көлемі айтарлықтай көп болған жағдайда, еріген суларды елді мекендерге жеткізбей, олар пайда болған жерлерде ұстау шараларын да ұсынып отыр. Бұндай жерлерге дала, жайылым, шабындық және егістік жерлер жатады.

Еріген суды бұл жерлерде біраз уақыт ұстап, елді мекендердің айналасындағы еріген су азайғаннан кейін жіберуге болады. Бұл еріген судың жүктемесі мен көлемін уақытында бөлуге мүмкіндік береді, осылайша су тасқынының алдын алады, - деп түсіндірді Фараби Ермеков. 

Осылайша КазАТЗУ ғалымдарының ойлап тапқан технологиясы елді мекендер мен оның су жинау алаңының айналасындағы жағдайды ауқымды бағалау мәселесін тұтастай көруге, бағалауға және кешенді шаралар қабылдауға шешімін ұсынып отыр.

Өзгелердің жаңалығы