Су тасқынынан зардап шеккен 30 отбасы жаңа үйлерінің кілттерін алды

17 Маусым 2023, 17:48
1114
Бөлісу:
Су тасқынынан зардап шеккен 30 отбасы жаңа үйлерінің кілттерін алды
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 30 отбасы жаңа үйлерінің кілттерін алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін Қобда ауданының Қобда ауылында көптен күткен қуанышты жағдай болды. Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 30 отбасы қоныс тойын тойлауда. Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов баспана иелеріне үйлерінің кілттерін табыс етті.

Биылғы жылдың басы қобдалықтар үшін ауыр сынақпен басталды. 30 жылда алғаш рет су тасыды. Тасқынның салдарын азайту үшін барлық шараларды қабылдадық, бірліктің арқасында қиындықтарды жеңдік. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен наурыз айында тұрғын үй құрылысы басталды, ал бүгін сол үйлерге сіздер көшіп жатырсыздар. Біз тағы да ынтымағымыздың мығым екенін көрсеттік. Егер бір-бірімізді осылай қолдайтын болсақ, еліміз тұрақты дамиды. Бұл тек бастамасы ғана, жақын арада аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі, уақыт өте келе бұл аумақ тұтас тұрғын үй алабы болады, - деп атап өтті өңір басшысы.

Ералы Тоғжанов «Иншаб», «Альянс Б-2» ЖШС, «АйсерСтройСервис», «SK СТАР МОНТАЖ» және Бабэк Құрылыс» компанияларының құрылтайшылары мен басшыларына, қысқа мерзімде үйлерді салған 200-ден астам жұмысшыға алғысын білдірді.

Қобда ауылының Жаңақоныс тұрғын үй алабындағы құрылыс алаңдарында жұмыстар тәулік бойы жүргізілді. Қажетті барлық инфрақұрылым - ауыз су, электр қуаты, көгілдір отын тартылды. Облыс әкімі әрқайсысы 100 шаршы метр болатын үйлерді аралап көрді. Тұрғын үй бірыңғай жобамен салынған, қасбеттері кірпішпен қапталды. Жаңа үйлер баспана иелеріне жаңа әрлеуде берілді. Құрылысшылар үй иелерінің талап-тілектерін ескере отырып, жөндеу жұмыстарын жасап берді.

Сіз зардап шеккен бірде-бір тұрғын назардан тыс қалмайды және барлығы баспанамен қамтамасыз етіледі деп уәде бердіңіз. Үш ай өткен жоқ, міне біз баспаналы болдық. Қолдауыңыз үшін көп рахмет. Қоныс тойымыз құтты болсын. Үйімізде шаттық орнасын, - деді Назипа Алдрабекова ауылдастарына арнаған құттықтау сөзінде.

Алдрабековтер әулетіне тиесілі үйді салуға қазақстандық аралас жекпе-жектен чемпион Шавкат Рахмонов демеушілік көрсетті. Айта кетейік, Қобда ауданының Қобда ауылына барған кезде ол көктемгі су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, қолдау ретінде бір отбасы үшін үй салып беретінін хабарлады. Үй иелері жаңа баспанасында қонақ болған облыс басшысына су тасқыны салдарын жоюға байланысты барлық мәселелерді жедел шешкені үшін алғысын білдірді. Еске салайық, Қобда ауылындағы су тасқыны кезінде 79 үй, 22 аула аумағын су басты.

Өзгелердің жаңалығы