Су тасқынына қарсы іс-шараларға 6 мыңға жуық әскери қызметші тартылды

29 Сәуір 2024, 15:25
358
Бөлісу:
Су тасқынына қарсы іс-шараларға 6 мыңға жуық әскери қызметші тартылды
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин су тасқынына қарсы іс-шараларға 6 мыңға жуық әскери қызметші тартылғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

27 наурыз бен 29 сәуір аралығында су тасқынына қарсы іс-шараларға 255 бірлік техника, армиялық авиацияның 12 тікұшағы мен 5 әскери-көліктік ұшағы жұмылдырылды. Ұшу уақыты 576 сағаттан асатын 590 артық ұшу жасалды. 3 475 адам эвакуацияланып, 1 770 адам және 233 471 келі жүк тасымалданды. Осы кезеңде барлығы 2,1 млн астам құм салынған қапшық дайындалып төселді. Жалпы ауданы 435,47 га болатын 40 нысанға дезинфекция жүргізілді, - деді спикер.

Жағдайдың тұрақтануы мен су деңгейінің төмендеуіне байланысты Қарулы күштердің жеке құрамы мен әскери техникасының бір бөлігі Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан тұрақты орналасу пунктеріне қайтарылды.

Ақтөбе облысында Ойыл өзені арқылы жергілікті халықты, техника мен жүктерді пароммен өткізу жалғасуда. Жайсаңбай ауылында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Ақтөбе қаласында радиациялық-химиялық және биологиялық қорғау бөлімшесінің мамандары әлеуметтік маңызы бар объектілерге дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді. Солтүстік Қазақстан облысында әскери қызметшілер Петропавл қаласында, Бескөл кентінде және Смирнов ауылында гуманитарлық көмекті түсіруге қатысты. Әскери паромдармен 2 рейс жасалып, Прибрежный ауылына 326 адам жеткізілді, - деді Жангулин мысал келтіре отырып.

Өзгелердің жаңалығы