Су тасқынымен күрес: Ақмола облысындағы қауіпті аймақтар тәулік бойы бақылауда

7 Сәуір 2022, 19:13
2907
Бөлісу:
Су тасқынымен күрес: Ақмола облысындағы қауіпті аймақтар тәулік бойы бақылауда
PHOTO

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жыл сайын тасқын судан зардап шегетін Аршалы, Целиноград аудандары және Қосшы қаласындағы қауіпті аймақтар күндіз-түні бақылауда. 

Өңір басшысы Ермек Маржықпаев аталған аймақтардағы су тасқынына дайындық барысын тексерді. 

Су тасқынымен күрес: Ақмола облысындағы қауіпті аймақтар тәулік бойы бақылауда

Қоянды ауылында 2200 аула күндіз-түні бақылауда, қауіп әлі сейілген жоқ. Еріген қар суы бірнеше учаскеге жеткенімен, бір үйде ғана адамдар тұратыны анықталды. Көпшілігінде үйлер салынып бітпеген. Құтқарушылар тобының арқасында су сору қарқынды жүргізілуде. Мұнда 51 адам, 31 бірлік техника және 30-ға жуық мотопомпа жұмыс істеуде. Қардың күрт еруі басталғаннан бері тек елорда маңындағы аймақта шамамен 200 мың текше метр су сорылды.

Шұғыл кеңестер өткіздік, Нұр-Сұлтан аграрлық университетіне, жерге орналастыру кафедрасына жүгіндік. Ғалымдар картографиялық материал, спутниктік суреттердің деректерін зерттеді. Қазір көріп отырғанымыздай, Қоянды айналасындағы еріген судың қауіптілігінен арылу үшін канал салуға болады. Бұл су басу мәселесін 70%-ға шешеді, – деп жағдайды баяндады Целиноград ауданының әкімі Бақытбек Оспанов.

Есіл өзенінің бойында орналасқан, су басуы ықтимал аймақтарда орналасқан Қоянды, Софиевка, Қараөткел, Талапкер ауылдық округтерінде құтқарушылар күшімен тәулік бойы еріген қар суын сору, инертті материалы бар қаптар төсеу, каналдарды тазалау жұмыстары жалғасуда. Нұра өзенінде судың кедергісіз өтуі үшін 8 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді.

Өңір басшысы Целиноград ауданы мен Қосшы қаласының елді мекендерінде нөсер кәрізін салу бойынша ұсыныстар беруді, сондай-ақ жобалардың сметалық құнын анықтау бойынша есептеу жүргізуді тапсырды.

Ауылға жол салынды. Енді сол және оң жақтағы арық жүйесін үйлердің кіреберістерімен жоспарлануы тиіс. Нөсер кәріздерін жасау қажет. Қоянды және Қараөткел ауылдарынан кезең-кезеңмен бастау керек. Су басудың негізгі қаупі төмендеді. Бұл ретте қарды уақытылы шығару көп көмек болды, - деді облыс басшысы.

Облыс әкімі Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылының су тасқыны қаупі бар учаскелерін тексеріп, өткен жылы су басқан №8 шағын ауданды аралады. Мұнда ауқымды жұмыс атқарылды. №8 және 4 шағын аудандардың топырақ үйінділері нығайтылды. Ауылдық округтің елді мекендерінен 100 мың текше метрге жуық қар шығарылды, 17 450 мың текше метр су сорылды, 100 м каналдар тазартылды, инертті материалы бар 3 мың қап төселді.

Су тасқынымен күрес: Ақмола облысындағы қауіпті аймақтар тәулік бойы бақылауда

Сондай-ақ Қараөткел, Талапкер ауылдары мен Қосшы қаласында да осындай жұмыстар жүргізілуде.

Ермек Маржықпаев Есіл өзенінің арнасын түзету бойынша ауқымды жобаны іске асыру орнына барды. Жоба 2021 жылғы шілдеде басталды, оның жалпы құны 7,4 млрд теңгені құрайды. 17,5 км учаскеде түзету жұмыстары толық көлемде орындалды. 

2022 жылдың ақпан айында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жұмысты аяқтауға республикалық бюджеттен 4,2 млрд теңге бөлуге бюджеттік өтінім жолданды. Бұл жоба су тасқыны кезінде өзен деңгейі көтерілген жағдайда елді мекендерді аман сақтап қалуға көмектеседі, - деп атап өтті әкім.

Су тасқынымен күресте көмек көрсету үшін Аршалы және Целиноград аудандарына құтқарушылардың қосымша күштері жіберілді. Құтқарушылардың тәулік бойы жұмыс істеуінің арқасында Целиноград және Аршалы аудандарында жағдай біршама тұрақталды. 

Өзгелердің жаңалығы