Су тасқыны vs сапалы білім: Оқушыларға қандай жағдай жасалды

11 Сәуір 2024, 15:35
181
Бөлісу:
Су тасқыны vs сапалы білім: Оқушыларға қандай жағдай жасалды
Фото: ОКҚ

Оқу-ағарту министрлігі оқу процесін ұйымдастыру бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр. Бұл туралы Республикалық ақпараттық штабының брифингінде министрліктің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Эвакуациялық пунктердегі балаларды орналастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 2 393 бала сауықтыру орталықтары мен колледждердің жатақханаларына орналастырылды. Атап айтқанда,

- бастауыш сынып оқушылары сауықтыру орталықтарына ата-аналарымен бірге жолданады;

- орта буындағы оқушылар республикалық маңыздағы инновациялық мектеп лицейлердің жатақханаларында (Дарын, РФММ, БИЛ және НЗМ);

- жоғарғы сынып оқушылары (9-11 сыныптар) уақытша колледждерде, - деді Мереке Амангелдіқызы.

Ресми өкілдің сөзінше, Оқу-ағарту министрлігі қосымша 3 182 орын әзірлеп қойды.

Балалар мен зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету мақсатында жергілікті жерлерде 400-ге жуық мектеп психологы істеп жатыр. Өңірлік бала құқығы жөніндегі уәкілдердің белсенді жұмысы ұйымдастырылды. Балаларды сауықтыру орталықтарына ұйымдасқан түрде тасымалдау мақсатында қауіпсіздік нұсқаулығы мен алгоритмі әзірленді, - деп айтты ол брифингте.

Сауықтыру орталықтарына қазіргі уақытта Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Ақтөбе облыстарынан 600-ге жуық оқушы қабылданды. Олар сапалы білім алуы үшін қажетті оқу құралдарымен, тамақтанумен, киіммен қамтылды.

Өзгелердің жаңалығы