Бүгін «Қазгидромет» РМК көктемгі су тасқыны болуы мүмкін өңірлерді атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанның 72 пайызын қар алып жатыр.
"Қазгидромет" жауын-шашынның мөлшерін, қардағы су қорын, топырақтың күзгі ылғалдылығының көрсеткіштерін, топырақтың қату тереңдігін, сондай-ақ өзендердің мұз режимдерін талдай отырып, су тасқыны қауіпті аймақтарға алдын-ала баға берген.
Тау өзендерінің тасуына көбіне жауын-шашын мөлшері себеп болады. Егер жауын-шашын көп болған жағдайда қауіп болуы мүмкін. Оның ішінде Алматы облысының маңайы қауіпті аймаққа кіріп отыр. Себебі, бұл өңірде қар қоры көбірек жатыр, ал Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында қар тау етегінде жатқандықтан аса қауіп күтілмейді, - дейді Гидрологиялық болжамдар басқармасының басшысы Серік Ибраев.
Ол болжамға сәйкес, су тасқыны болуы мүмкін аймақтарды атады.
Су тасу қаупі жоғары аумақтар: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстары. Ал орташа қатер Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Ұлытау облыстарында. Су тасқынының қаупі ең аз аймақ Маңғыстау облысы саналды. Жазық өңірлердегі қар қоры аз, алайда жазғы аймақтардың бүкіл жерінде күзгі ылғалдану шамадан жоғары болып тұр. Түсінікті тілмен айтсақ, қысқа түскенге дейін жауатын жауын-шашын мөлшері нормдан жоғары, - дейді Серік Ибраев.