Су тасқыны қаупі бар автожол учаскелері тәулік бойы күзетіледі - Өскенбаев

22 Ақпан 2022, 09:56
2279
Бөлісу:
Су тасқыны қаупі бар автожол учаскелері тәулік бойы күзетіледі - Өскенбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Индустрия министрлігі Су тасқыны кезеңіне дайындықты бақылауды күшейтті. Бұл туралы Үкімет отырысында ведомство басшысы Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Автомобиль жолдарын су тасқыны кезеңіне дайындау аясында арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Оған су тасқыны қаупі бар учаскелерді күнделікті тексеру, жүру бөлігін, жол жиектерін, су өткізу құбырларының тесіктері мен арналарын қар мен мұздан тазарту, су тасқынына қарсы және авариялық жұмыстарды жүргізу үшін жол және инертті материалдарды дайындау кіреді, - деді ол. 

Министр атағандай, жолдарға тәулік бойы кезекшілік ету және патрульдеу ұйымдастырылды, су өткізу құбырлары мен көпір асты аймақтарының арналарын қар мен мұздан тазарту басталды. 

278 қауіпті учаске, 84 көпір және 883 су өткізу құбыры ерекше бақылауда. Оларға 700-ден астам жол-пайдалану техникасы бекітілген. Су тасқынына қарсы шараларды орындау кезінде өңірлердің климаттық жағдайлары, сондай-ақ өткен жылдардағы су тасқыны кезеңінің нәтижелері ескеріледі, - деп баяндады Өскенбаев.

Су тасқыны қаупін жою үшін, министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта материалдардың 80% - ы, оның ішінде 4 мың текше метр құм, 7 мың текше метр тас, 20 мың текше метр қиыршық тас, 50 мың қап және 434 тонна ЖЖМ дайындалды.

Ведомство басшысы су тасқыны қаупі бар учаскелердегі автожолдарды қайта құру және жөндеу барысында жұмысшылар су өткізетін құбырлардың көп мөлшерін орнататынын немесе олардың диаметрін арттыратынын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы