Меркіде жасөспірім мектеп маңында BMW көлігімен дрифт жасап, апатқа ұшырады

Оқушының әрекеті құқық қорғау органдарының назарын аударып, анасы жазаланды.

 ҚР ІІМ 26 Қазан 2026, 02:40
26 Қазан 2026, 02:40
204
Фото: ҚР ІІМ

Жамбыл облысының Мерке ауылында жасөспірім №39 Темірбек Қожакеев атындағы мектеп-гимназияның автотұрағында көлікпен дрифт жасаған. Оқушының қауіпті әрекетін куәгерлер видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялаған.

Оқиға 25 қазанда Тоқаш Бокин көшесінде болған. Жарияланған видеода BMW көлігінің оқу орнының жанындағы автотұрақта күрт маневрлер жасап жүргені көрінеді. Сол сәтте маңайда балалар да болған.

Бір сәтте кәмелетке толмаған жүргізуші көлікті басқара алмай қалып, оны бүлдірген.

Оқиғаға құқық қорғау органдары назар аударды. Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек бойынша тексеру жүргізілгенін хабарлады.

Бұл дерек Меркі аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, тиісті тексеру жүргізілді. Көлікті кәмелетке толмаған ұлына басқаруға бергені үшін 45 жастағы азаматша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Автокөлік айыптұраққа қойылды, – деп мәлімдеді ведомство.

Полиция қызметкерлері көлік иесімен профилактикалық әңгіме жүргізген. Әйелге мұндай әрекеттердің құқықтық салдары түсіндіріліп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.

Наверх