Су тасқыны: Мүфтият халыққа қолдау көрсетіп жатыр

10 Сәуір 2024, 14:12
236
Бөлісу:
Су тасқыны: Мүфтият халыққа қолдау көрсетіп жатыр
Фото: ОКҚ

ҚМДБ су тасқынына қарсы қайырымдылық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҚМДБ "Дін мен дәстүр" бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, 2024 жылғы 1 сәуір күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мүфтият қызметкерлері және облыс бас имамдарының онлайн қатысуымен су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға қайырымдылық көмек көрсету жөнінде арнайы жиналыс өткізді.

Су тасқыны болған алғашқы күннен бастап ҚМДБ тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып, ҚМДБ Зекет және қайырымдылық қоры, Жастар кеңесі мен Жастар секторының еріктілері апатты аймақтарға жұмылдырылды.

Сонымен қатар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Бір мезетте бір дұға» еліміздің барлық өңірінде мешіт имамдары мен жамағаты су тасқынына байланысты Құран оқып, дұға жасады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы тапсырмасымен су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 100 тоннадан астам гуманитарлық жәрдем көрсетілді, - деп айтты Нұрбек Есмағанбет.

Атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарына 100,1 тонна ұн, 860 қап ұн-жарма (күріш, қарақұмық, макарон, қант), 4448 литр күнбағыс майы т.б. жеткізілді. 60 «Газель» мен 13 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмекке азық-түліктен өзге тұрмыстық заттар мен түрлі құралдар да енді. Яғни осы аймақтардың тұрғындарына 2 993 төсеніш, 32 304 тұрмыстық зат, 5 қайық, 3 дана қайыққа арналған қозғалтқыш, 2 дана жарық генераторы, 1 776 резіңке етік, 54 098 құрал-сайман табысталды. Сондай-ақ 2 492 адамға күнделікті ыстық тамақ беріліп жатыр. Қайырымдылық шараларына ҚМДБ-ның 1 113 қызметкері атсалысып жатыр.

Күні кеше Бас мүфтиіміз Қостанай өңіріне барып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарымен және мүфтият жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қорының еріктілер тобымен арнайы кездесіп, өз насихатын айтқан болатын. Сонымен қатар 300 отбасыға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік себеттері таратылып, Қостанай облыстық орталық мешіті ауласында өңірдегі су тасқынына байланысты ел амандығы үшін құран хатым дұғасы жасалды, - деді Нұрбек Есмағанбет брифингте.

Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге қажетті заттарды сатып алу үшін басқа облыстардан қосымша 23 миллион теңгедей қаржылай көмек көрсетілді.

Өзгелердің жаңалығы