Су тасқыны. Медициналық көмек көрсету үшін 2100 қызметкер тартылды

24 Сәуір 2024, 18:25
916
Бөлісу:
Су тасқыны. Медициналық көмек көрсету үшін 2100 қызметкер тартылды
Фото: BAQ.KZ - архив

Су тасқынынан зардап шеккен облыстардағы медициналық ұйымдар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиеваның айтуынша, медициналық көмектің барлық түрлерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жедел медициналық көмек қызметтерінің, стационарлардың қабылдау пункттерінің және МСАК ұйымдарының жұмысы күшейтілді.

Су тасқыны басталғаннан бері эвакуациялық пункттерде барлығы 106 медициналық пункт ашылды, оның ішінде бүгінде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарының эвакуацияланған тұрғындары үшін 59 медициналық пост жұмыс істеуде. Медициналық және медициналық-психологиялық көмек көрсету үшін 2100 медицина қызметкері, оның ішінде 299 дәрігер, 90 психолог тартылды. Эвакопункттерде медициналық және медициналық-психологиялық көмек көрсетуге 742 медицина қызметкері, оның ішінде 143 дәрігер, сондай-ақ 69 психолог тартылды, - деді спикер ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Инфекциялық аурулардың туындауының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды.

Барлық эвакуациялық пунктте зардап шеккендерді сумен қамтамасыз ету, тамақтандыру, тұру және тұрмыстық қызмет көрсету жағдайларын бақылау, СЭС қызметкерлерінің тәулік бойы кезекшілігі қамтамасыз етіледі. Су тасқыны басталғаннан бері эвакопункттерде 3 мыңнан астам су мен тамақ өнімдерінің сынамалары алынды. Эвакуацияланған адамдардың арасында ішек және басқа инфекциялық аурулары тіркелген жоқ, - деді спикер.

Өзгелердің жаңалығы