Су тасқыны: Кәсіподақтар федерациясы қандай қолдау көрсетті

28 Мамыр 2024, 16:30
585
Бөлісу:
Су тасқыны: Кәсіподақтар федерациясы қандай қолдау көрсетті
PHOTO
Фото: Кәсіподақтар федерациясы

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысының кәсіподақ мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ федерацияның медиа орталығына сілтеме жасап.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында су тасқынынан зардап шеккен өңірдегі кәсіподақ мүшелерімен кездесті.

Су тасқыны: Кәсіподақтар федерациясы қандай қолдау көрсетті

Ақтөбеде ҚРКФ төрағасы қаланың кәсіподақ қызметкерлерімен, сондай-ақ Ырғыз және Ойыл аудандарының тұрғындарымен кездесті.

Жиналғандар алдында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы табиғи апаттың ауқымы мен залалы зор екенін атап өтті.

Биылғы көктемде қазақстандықтар соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат болған су тасқыны салдарынан күрделі сынақтарға тап болды. Елдің 10 облысында төтенше жағдай жарияланғанын білесіздер. Қарғын судың кесірінен қара халық жан сауғалап, көрші ауыл, аудан, тіпті облыстардан баспана іздеуге мәжбүр болды, - деді Сатыбалды Дәулеталин.

Бұл ретте ол су тасқыны аймағында тіршілік әрекетін қалпына келтіру үшін мемлекет қабылдап жатқан шаралардың маңыздылығын атап өтті.

Су тасқыны: Кәсіподақтар федерациясы қандай қолдау көрсетті

Осы қиын кезеңде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен бірде-бір адам қараусыз қалмайды, материалдық шығындар толығымен өтеледі деп сендірді. Бүгінгі таңда Үкімет тарапынан тасқынға тосқын болар шаралар жүзеге асты. Соңғы ақпаратқа сенсек, бүгінде 61 352 адам өз үйлеріне оралған. Эвакуациялық пункттердегі 5 452 адамға қажетті көмек көрсетіліп жатыр. 26 мыңнан астам отбасыға 100 АЕК мөлшерінде бір реттік төлем беру үшін Үкімет 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлді.

Өңірлерде 873 жаңа үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. 891 отбасыға үйлерін жөндеу және қалпына келтіру шығындарын өтеу үшін жалпы сомасы 1,9 млрд теңге көлемінде өтемақы берілді.

Су тасқыны: Кәсіподақтар федерациясы қандай қолдау көрсетті

Қазіргі кезде су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда 11 137 тұрғын үй тексеріліп, 7 863 нысанды бағалау жұмыстары аяқталды. Тұрмысқа қажетті дүние-мүлік сатып алуға 553 800 теңгеге дейін қосымша өтемақы төленіп жатыр, - деді ҚРКФ төрағасы.

Сонымен қатар ол апатты жағдай туралы алғаш естіген сәттен бірлік қағидаттары негізінде Кәсіподақтар федерациясы мен оған қарасты ұйымдар ортақ бақытсыздықтың төңірегінде топтасып, жерлестеріне жан-жақты көмек көрсеткенін жеткізді.

Су тасқыны: Кәсіподақтар федерациясы қандай қолдау көрсетті

Жалпы алғанда кәсіподақтар еліміздің зардап шеккен бес облысын қолдау мақсатында 225 миллион теңгеге жуық материалдық көмек, сондай-ақ 14 миллион теңгеге жуық гуманитарлық көмек аударды.

Ақтөбе облысының тұрғындарына Федерацияның мүшелік ұйымдары 108 млн теңгеден астам сомаға материалдық көмек және 3 млн теңгеге жуық сомаға гуманитарлық көмек көрсетті.

Су тасқыны: Кәсіподақтар федерациясы қандай қолдау көрсетті

Қаржылай көмекпен қатар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен панасыз қалғандар үшін еліміздегі шипажайлардан 269 орын бөлінді. Төтенше жағдай басталғалы 179 адам кәсіподақ шипажайларына орналастырылды.
Қосымша қолдау ретінде ҚРКФ басшысы салалық кәсіподақтардың мемлекеттік, банк мекемелерінің және "KYZMET" қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлеріне, Құрылыс кешені мен ТКШ қызметкерлері, оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім беру қызметкерлері, "YNTYMAQ" кәсіпкерлік қызметкерлері, сондай-ақ мұнай-газ салалық кәсіподақ қызметкерлері, мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлеріне 12 мүшесіне тұрмыстық техниканы сатып алуға сертификаттар табыс етті.

Су тасқыны: Кәсіподақтар федерациясы қандай қолдау көрсетті

Сатыбалды Дәулеталин апаттан зардап шеккендерге қолдау білдіріп, су тасқынымен күресуге көмектескен, сондай-ақ халыққа гуманитарлық көмек көрсеткен құтқарушыларға, әскери қызметшілерге, еріктілер мен кәсіпкерлерге алғысын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы