Су тасқыны, эвакуация: БҚО-да жағдай қалай

8 Сәуір 2024, 14:46
243
Бөлісу:
Су тасқыны, эвакуация: БҚО-да жағдай қалай
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

ОКҚ-да Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Қарабалаев Батыс Қазақстан облысындағы жағдай жайлы баяндап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол су тасқыны кезеңінің басынан бастап Батыс Қазақстан облысының аумағында болған жағдайды баяндап берді.

581 тұрғын үй және оның ауласын, 245 аула аумағын жәге 427 саяжай үйді су басты. Автожолдардың 71 учаскесінде су басу және 60 шаю оқиғасы болды. Көлік қатынасынсыз 9 елді мекен қалды. Жергілікті ауқымдағы 6 ТЖ БҚО, Орал қаласы, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Теректіде жарияланды, - деді БҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Қарабалаев брифингте.

Оның мәліметінше, тілсіз жау басталғалы бері өңірде 7 048 адам эвакуацияланған, оның ішінде 3 665 бала. Уақытша орналастыру пунктерінде 1 455 адам орналастырылды, оның 536-сі бала. Сонымен бірге сыйымдылығы 8 596 адам болатын 161 уақытша орналастыру пункті дайындалды.

Су тасқыны басталғаннан бері облыстық Азаматтық қорғау қызметтерін тарта отырып, су тасқынын жою жөніндегі облыстық жедел штаб, осыған ұқсас штабтар Орал қаласы мен облыс аудандарында жұмыс істеп жатыр. Су тасқыны салдарын жоюға барлығы 4 251 адам, 954 техника, 95 жүзу құралдары, 332 мотопомпа, 2 әуе кемесі жұмылдырылды, - деп түсіндірді құтқарушы.

Қазіргі таңда бірнеше аумақ бақылауда:

Орал қаласы: онда Жайық және Шаған өзендері деңгейінің көтерілуіне байланысты, ал Деркөл ойпатты учаскелерде орналасқан саяжайлар мен тұрғын үйлерді су басу қаупі сақталып отыр.

ЖАО инженерлік техникасын тарта отырып, қапшықтарды дайындау және төсеу, эвакуациялау, сондай-ақ 3 учаскеде жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. ҚР ТЖМ АМО қызметкерлері медициналық және психологиялық көмек көрсетуде.

Бөрлі ауданында ағымдағы жылдың 28 наурызында Ақсу, Кеңтүбек, Аралтал, Пугачево елді мекендерінде 84 тұрғын үйді су басты.

Елек және Жайық өзендерінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Успеновка, Қарашығанақ, Димитрово, Жаңаталап, Жарсуат елді мекендерін су басу қаупі сақталуда. Димитрово және Қарашығанақ елді мекендерінен 25 адам алдын ала эвакуацияланды. Қалған тұрғындар өз бетінше эвакуацияланып, туыстарына орналасты.

Өзгелердің жаңалығы