Су тасқыны: Бүгін әскерилер қандай жұмыс жүргізеді

8 Сәуір 2024, 12:47
227
Бөлісу:
Су тасқыны: Бүгін әскерилер қандай жұмыс жүргізеді
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

ОКҚ-да Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин Қарулы Күштер бүгін су тасқанына қарсы қандай жұмыс жүргізетінін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Маңғыстау облысы әкімінің қаулысына сәйкес, 7-8 сәуірде Ақтау қаласы Бейнеу ауылында аумақтық қорғаныс бригадасымен жоспарланған тактикалық-арнайы оқу-жаттығу шеңберінде Атырау облысының Жылыой ауданындағы су тасқыны жағдайын жоюға тарту мақсатында 155 адамнан тұратын әскери міндеттіні шақыру жүргізілді. 27 наурыз бен 7 сәуір аралығында барлығы ҚР ҚК жеке құрам саны – 2 357 адам, 112 әскери техника, 10 тікұшақ, 4 ұшақ жұмылдырылды, ҚР ҚК жеке құрамы 2 305 адамды эвакуациялады, оның ішінде 732 бала, - деп айтты министрліктің ресми өкілі брифингте.

Тікұшақтар 320, ал ұшақтар 9 рейс жасады. 83 596 келі гуманитарлық жүк тасымалданды.

Жангулиннің айтуынша, 123 431 қап құм дайындалып, төселді. 200 тонна құм тасымалдау бойынша 97 машина рейсі жасалды. 1770 метрге жуық ағын су кәрізі тазартылды. Мамырсу ауылында (Аягөз қ.) бөгетті нығайту үшін 2400 текше метр топырақ жеткізіліп, 540 метр үйінді тұрғызылды.

Жем өзенінің арнасын кеңейту мақсатында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жару тобы 5 мәрте мұз жару жұмыстарын іске асырды. Маңғыстау облысының Маңғышлақ станциясында темір жол құрамына 20 тонна гуманитарлық жүк тиелген. Паром өткелінің көмегімен Ойыл ауылының тұрғындарын эвакуациялау жүргізілді, - деп түсіндірді Руслан Жангулин.

Боран ауылының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру үшін ҚР ҚК әскери қызметшілерімен Орда өзенінде көпірдің 2 аралығы орнатылды.

30 наурыз бен 3 сәуір аралығында Ақтөбе облысының Кирпичный, Ақжар, Ақшат елді мекендерінде су тасқыны салдарынан үйлерін тастап кеткен тұрғындардың жеке мүлкін тонауға жол бермеу мақсатында ӘҚК ӘИ курсанттары патрульдеу ұйымдастырды.

8 сәуір жоспарланған жұмыстары:

1) гуманитарлық және басқа да жүктерді су тасқыны аймағына тікұшақтармен тасымалдау;

2) су басатын елді мекендерден халықты тікұшақтармен эвакуациялау (өтінім бойынша);

3) Атырау, Қостанай, Ақмола және БҚО-на жеке құраммен көмек көрсету;

4) Жем өзенінің арнасын «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мұз жару тобының бұзуы;

5) Ойыл өзені арқылы өтетін паром өткелінің көмегімен Ойыл кентінің тұрғындарын эвакуациялау.

Өзгелердің жаңалығы