Су тасқыны басталғаннан бері 16 мыңға жуық адам құтқарылды

2 Сәуір 2024, 10:31
656
Бөлісу:
Су тасқыны басталғаннан бері 16 мыңға жуық адам құтқарылды
Фото: Үкімет

Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов су тасқынының алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Су тасқының жағдайы тұрақты-күрделі, батыс аймақтарда су аздап төмендеді, орталық, солтүстік және шығыс бөліктерінде керісінше өзендер деңгейінің қарқынды жоғарлауы байқалады. 
Су басу аймағында 5 облыс қалуда, әкімдіктермен жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жарияланды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында күрделі жағдай сақталуда. Бұл жерлерге дереу күштік құрылымдар жіберіліп, техникалық құралдар жұмылдырылды, - деді Бауыржан Сыздықов.

Ведомство өкілі өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатқанын айтады.

Су тасқыны кезінен бастап 15 мың 786 адам құтқарылды және эвакуацияланды, оның ішінде 6 мың бала (еск - Ақтөбе, Қостанай, БҚО, Ұлытау, Абай, Ақмола, Атырау, Қарағанды, СҚО, Түркістан, Алматы, Павлодар). Қазіргі таңда уақытша орналастыру пункттерінде 4 113 адам, оның ішінде 1 911 бала (Ақтөбе, БҚО, Ақмола, Атырау, Қостанай) бар. Олар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, - деді ол.

Сыздықовтың сөзінше, су тасқыны белсенді кезеңге өтпеген елді мекендерде алдын алу шаралары күшейтілді.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын ауылында су өткізу жүйелерін тазарту және канал бойында қап төсеу бойынша іс-шаралар жедел жүргізілді, бұл судың тасуына жол бермеді. Шағалалы су қоймасынан судың көп мөлшерде жіберуіне байланысты жер білігін қосымша нығайту және ұзарту, сондай-ақ өзен бойындағы мұзды ұсақтау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша каласының 60 тұрғын үйін су басу қауіпі жойылды. Жалпы, алдын алу шаралары еліміздің 11 өңірінде 45 мыңнан астам адам тұратын 46 елді мекенді су тасқынынан қорғауға мүмкіндік берді, - деді вице-министр.

Өзгелердің жаңалығы