Су тасқыны. Ақтөбенің Темір ауданында 57 үй тұруға жарамсыз болып қалған

7 Маусым 2024, 11:10
261
Бөлісу:
Су тасқыны. Ақтөбенің Темір ауданында 57 үй тұруға жарамсыз болып қалған
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысы Темір ауданында су тасқынының салдарын жою бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, төтенше жағдай жарияланған Темір ауданында 98 отбасының үйі зардап шеккен. Оның ішінде 57 үй тұруға жарамсыз болып қалса, 41 үйге жөндеу қажет.

Темірлік Эльмира Аманғали – үйі суға кеткендердің бірі. Тұрмыстық техникалары, біраз мүлкі жарамсыз болып қалған. Келтірілген залал үшін оған 321 мың теңге және баспанасын жөндеуге 7 млн 727 мың теңге беріліпті. Эльмира қаражат қолына тиген сәттен, керек-жарағын алып, жөндеу жұмыстарын бастап кетіпті. Комиссия берген бағаға көңілім толды дейді.

Эльмира секілді, тағы 30 үйдің иесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Бұл мақсатта 148 млн теңгеден астам төлем аударылыпты. Қаржы бөлу әлі де жалғаса бермек.

Бұдан бөлек, 35 отбасы «Болат Өтемұратов қоры» арқылы дайын тұрған үйді сатып алуға ниет білдірген. Әзірге, 16 отбасы жаңа баспанасына көшті. Бір отбасы «Қамқор-Ақтөбе» қоры арқылы баспаналы болмақ. Қалған 21 үй – Саркөл ауылдық округіне қарасты Құмсай ауылында жаңадан, тұрғындар өздері таңдап алған жер учаскесінде бой көтереді. Екі мердігер компанияның жұмыс қарқыны жоғары, заманауи үлгідегі үйлер белгіленген талаптарға сәйкес, құмсайлықтардың көз алдында салынып жатыр.

Сондай-ақ 62 отбасы су тасқынынан келген шығын үшін 25 млн 538 мың теңге алыпты.

Мал шығындарын өтеу мақсатында малына тиісті сырғалау жүргізген мал иелері де өтінімдерін жазып, тиісті өтемақыларын алып жатыр. Аудан бойынша су тасқыны салдарынан өлген 528 бас мал үшін шаруалар 128 млн  611,1 мың теңге сомасында қаржы алды.

Айтып өтейік, Ақтөбе өңірінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, комиссия зардап шеккен тұрғындардың үй-жайларын аралап, тіркеген өтініштері негізінде төлем төлеуді жалғастырып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы