Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Сенатында Қазақстанның су қауіпсіздігі: жай-күйі, проблемалар мен ұсынымдар тақырыбында үкімет сағаты өтіп жатыр.
Парламент Сенатының депутаты Қайрат Қожамжаров су ресурстары саласындағы мәселелер бойынша ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерді атады. Олар: ауызсумен қамтудың жеткіліксіздігі, су инфрақұрылымдарының тозуы, сыбайлас жемқорлық, төтенше жағдайлар, су қорларының ластануы, трансшекаралық гидрологиялық қауіптер, су ресурстарын басқарудың жетілмегендігі, су шаруашылығында кадрлар тапшылығы.
Әлемдік ресрустар институтының зерттеуі бойынша су тапшылығы аумағында 2 млрд астам адам өмір сүреді. 68 мемлекет жоғары су тапшылығын бастан кешіп отыр. Оның ішінде біздің еліміз де бар. География институтының мәліметінше, республикада жыл сайын сумен қамту төмендеп келеді. 1960-жылдары жалпы су ағындысы 120 км3 құраса, қазір ол 101 км3 дейін қысқарды. 2020 жылдары – 80 км3 дейін, 2030 жылдары 72 км3 төмендейді деген болжам бар. Бұл халық пен экономика салаларының су ресурстарына деген тұтыну көлемінің артуынан болып отыр. Бүкіләлемдік банк 2050 жылы ел аумағындағы су ресурстарының тапшылығынан жылдық ЖІӨ-ның 6% төмендеуін болжап отыр. Бүгінде су ресурстарының 55% ғана Қазақстан аумағында қалыптасады. Қалған 43% трансшекаралық өзендер есебінен алады, - деді сенатор.
Оның сөзінше, осы жағдайда 30-50 жыл бұрын жоғары бағаланған жерасты суы қорлары ерекше рөл атқарады.
Жаңа мемлекеттік болжам балансында жерасты суларының зерттелген қоры жоқ. Ескі гидрологиялық түсірілімдер бүгінгі ақпараттылық талаптарына жауап бермейді. Зерттелген кейбір аумақтарға құрылыс салынып кетсе, кейбір аумақтар санитариялық талаптарға сай келмейді. Қазақстан барлық салада суды үнемдеуге әрекеттенсе де, суды жоғалтудың көлемі 40% құрап отыр. Мұндай көрсеткіш АҚШ-та – 11%, Ресейде – 21%, Ұлыбританияда – 23%, - деді ол.