Су сапасының нашарлауы да үлкен проблема – Әшімбаев

29 Наурыз 2024, 17:30
288
Бөлісу:
Су сапасының нашарлауы да үлкен проблема  – Әшімбаев
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Түркістан қаласында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның бесінші отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Іс-шара барысында алтыншы Орнықты даму мақсатын іске асыру аясында су ресурстарын үнемді пайдалану және санитария мәселелеріне қатысты проблемалар талқыланды. Сондай-ақ сенаторлар жергілікті мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен кездесті.

Қазақстан үшін таза ауыз суға және сапалы санитарияға қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды мәселе екені белгілі. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қол жеткізілген елеулі ілгерілеуге қарамастан, әлі де болса маңызды түйткілдер бар. Қазіргі таңда орталықтандырылған сумен жабдықтауға шамамен 400 мың адам қол жеткізе алмай отыр. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерлерде тұрады. Сондай-ақ Сенат төрағасы су сапасының нашарлауына, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуына байланысты проблемалар да ерекше назар аударуды қажет ететінін айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылға дейін ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен толық қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл міндетті сапалы орындау үшін бірқатар өзекті проблеманы шешу қажет. Қазіргі таңда қолданыстағы көптеген су шаруашылығы нысандарында 30 жылдан 50 жылға дейін күрделі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан ол жерлер қауіптілігі жоғары объектілер қатарында қалып отыр. Арнайы техникаларға қатысты жағдай да осындай. Олардың шамамен 50 пайызы жаңартуды қажет етеді. Алайда, нысандардың тозуы және соның салдарынан судың ысырап болуы мәселенің бір бөлігі ғана. Су сапасының нашарлауы да үлкен проблема екені белгілі. Бүгінде қайта пайдаланылған судың үлесі тұщы судың жалпы көлемінің шамамен 2,5 пайызын ғана, – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында трансшекаралық өзендерді пайдалануды реттейтін нақты тетіктердің әлі қалыптаспағаны туралы да сөз болды. Жасалған келісімдерге және бекітілген су беру кестелеріне қарамастан, еліміздегі кейбір облыстардың тиісті су көлемін ала алмауы жиі кездесетін жағдайға айналды. Осыған орай Парламентаралық комиссияның Төрағасы Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін кешенді тәсіл мен стратегиялық жоспар қажет екенін айтып, алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын белгілеп берді.

Жаңа Су кодексін әзірлеу барысында негізгі мемлекеттік органдардың су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы құзыреттерін қайта қарау қажет. Бұл ретте ведомствоаралық үйлестіруге баса мән берген жөн. Жоғарыда атап өткеніміздей, Мемлекет басшысының ауылдарды таза ауыз сумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын сапалы орындау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Судың қолжетімділігін қамтамасыз етуді инвестициялау үшін нормативтік кедергілерді жоюға арналған шаралар қабылдаудың да маңызы зор. Оның ішінде ағынды суларды қайта пайдалану үшін заңнамалық және нормативтік базаны қалыптастыру қажет. Сондай-ақ суды үнемдеуге және ауыл шаруашылығында су ресурстарын жауапты басқаруға ықпал ететін агроазық-түлік тізбегі бойынша суды пайдаланудың тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды қолға алу керек. Суды үнемдеу, оның ысырап болуына және ластануына жол бермеу, су ресурстарын тиімді пайдалану сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін қоғамда белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. Су үнемдеудің озық технологиялары мен заманауи жүйелерін енгізуге арналған шаралар кешенін де әзірлеу қажет, – деді Сенат спикері.

Парламенттік комиссияның отырысына Сенат және Мәжіліс депутаттарымен бірге Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, өңір әкімдіктерінің, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, «WATER HUB» халықаралық зерттеу орталығының директоры Анатолий Рябцев қатысып, баяндама жасады.

Отырыстың қорытындысы бойынша Парламенттік комиссия мемлекеттік органдарға алдағы бірлескен жұмысқа қатысты бірқатар ұсыным жолдады. Мәулен Әшімбаев олардың орындалу барысы жұртшылықтың және Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің бақылауында болатынын атап өтті. Сондай-ақ Парламентаралық комиссия аясындағы келесі кездесулерде де атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігіне талдау жүргізілмек.

Түркістан облысына сапар аясында Мәулен Әшімбаев бастаған сенаторлар жергілікті мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен де кездесті. Өз сөзінде Палата Төрағасы Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда белгілеп берген бастамаларға кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ облыс тұрғындарымен бірге өңірдегі өзекті мәселелерді оңтайлы шешу жолдарын талқылады.

Облыста өңірді дамытуға арналған бірқатар маңызды жоба іске асырылып жатыр. Инвестиция тарту, өнеркәсіп, құрылыс саласында және басқа да бағыттарда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілді. Дегенмен, аймақта шешімін күткен мәселелер де бар. Әсіресе, облыс тұрғындарын су ресурстары мен жайылымдық жерлердің тапшылығы алаңдатады. Бүгін Парламенттік комиссияның отырысында осы бағытқа назар аудардық. Инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысты түйткілдер де өте өзекті. Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде мәслихаттармен байланысты одан әрі арттыру және өзекті мәселелерді шешуге ықпал ету жолындағы жұмысты жалғастыра береді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Спикері Палата мен мәслихаттардың алдағы бірлескен жұмысының басым бағыттарын да атап өтті. Іс-шара барысында депутаттар мәслихаттардың 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастыру мәселелерін де талқылады.

Сонымен бірге Мәулен Әшімбаев өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Ол өз сөзінде мемлекет тарапынан жастарды қолдауға арналған шаралар туралы айтты және ұлтымыздың жаңа келбетін айқындайтын құндылықтарға назар аударды. Сондай-ақ жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды қоғамдағы іргелі әлеуметтік-мәдени өзгерістермен үйлестірудің маңызы зор екенін айтты.

Қазіргі таңда білімді жастардың кәсіби тұрғыдан өсіп, дамуы үшін мол мүмкіндіктер бар. Мемлекет тарапынан кешенді қолдау шаралары қабылданып жатыр. Сондықтан жастар елдің болашағы өздеріне тікелей қатысты екенін сезінуге тиіс. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда еліміз үшін аса маңызды жасампаз құндылықтарды белгілеп берді. Аталған басымдықтар Әділетті Қазақстан құру жолында айрықша мәнге ие және бұл қағидалар жас буын үшін қашанда маңызды бағдар болуы керек, – деген Мәулен Әшімбаев жастардың сапалы білім мен рухани құндылықтарға деген ерекше ынтасы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілік әлеуетін арттыра түсетініне сенім білдірді.

Сапар кезінде Парламент делегациясы өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешу жолында маңызы зор «Оранғай» су тазалау стансасына барып, нысанның жұмысымен танысты.

Өзгелердің жаңалығы