Су ресурстарын үнемді, ұтымды пайдалану керек – Президент

31 Мамыр 2024, 17:34
288
Бөлісу:
Су ресурстарын үнемді, ұтымды пайдалану керек – Президент
Фото: BAQ.KZ -архив

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесуінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Жалпы, табиғат апаттарын бақылау, бағалау және болжау, сондай-ақ табиғи ресурстарды сақтау және ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеулерді күшейту керек.

Сарапшылардың айтуынша, кейінгі онжылдықтарда табиғат апаттарының саны айтарлықтай өскен. БҰҰ болжамы бойынша алдағы онжылдықтың басында әлемде жылына 560-қа жуық табиғат апаты болады. Осы орайда ғалымдар ауа райы құбылуының төрттен үш бөлігін климаттың өзгеруімен байланыстырады. Мұның бәрі экономиканың дамуына, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына орасан зор кері әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан қазір әлемдік қауымдастық климаттың өзгеруімен күреске баса назар аударып отыр.

Бұл іске Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдерінің климат және «жасыл» энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін ашу туралы бастамасы айтарлықтай үлес қоса алады. Уақыт өткен сайын сезіліп келе жатқан су тапшылығы проблемасы біздің өңіріміз үшін өте өзекті болып отыр. Су – негізгі тіршілік көзі. Оған экономикалық даму, ауыл шаруашылығы және адамдардың тұрмыс сапасы тікелей байланысты. Сондықтан су ресурстарын үнемдеу, ұтымды пайдалану және саланы басқару тиімділігін арттыруға қатысты жүйелі ғылыми жұмыстарды қолға алу керек, - деді ол.

Президент климаттың өзгеруіне қарсы күрес мәселесіне де тоқталды.

«БҰҰ аясында 2026 жылы елімізде Аймақтық климаттық саммит өтеді. Саммит климаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруге елеулі үлес қосатынына сенімдімін.

Сонымен бірге қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау сияқты құндылықтарды насихаттау маңызды. Қазіргі жағдайда экологиялық ойлау қабілеті барлық білім беру және ғылыми бағдарламалардың негізі болуы керек деп санаймын. Табиғат ресурстарына жауапкершілікпен қарау және қоршаған ортаға қамқорлық таныту қоғамдық сананың құрамдас бөлігіне айналуы қажет, - деді ол.

Биыл елімізде «Таза Қазақстан» акциясы басталды. 

Бұл – жай науқан емес, бұл –халқымыздың көзқарасын, болмысын өзгерте алатын өте маңызды жоба. Ауқымды экологиялық бастамаға, әсіресе, жастар белсене атсалысты. Бұл да – жақсы үрдіс. Аз уақыт ішінде 2,5 миллионнан астам ағаш егілді, 200-ден астам өзен-көлдің жағасы тазартылды. Осы бастама тұрақты жалғасып, жақсы дәстүрге айналуы қажет. Бұл акция тал егіп, қоқыс жинаумен шектелмеуге тиіс. Атқарылатын басқа да шаруа көп. Ең бастысы, барлығы шын ниетпен жасалуы керек. 

«Таза Қазақстан» акциясы аймақтарда қалай жүріп жатқанын мен мұқият қадағалап отырамын. Мұны, ең алдымен, әкімдерден талап етемін. Бәрін әкімге жүктеп, қарап отыруға да болмайды. Жаз маусымы басталды, енді ішкі туризм жандана түседі. Демалуға шыққан әр азамат табиғатқа жанашырлықпен қарауға тиіс. Тазалықтың басты кепілі – айналаны ластамау. Бұл – баршаға ортақ міндет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қоқыс өңдейтін кәсіпорындар салу қажеттілігіне де тоқталды.

Одан бөлек, қоқыс өңдейтін кәсіпорындар салу қажет. Онсыз қалаларымыз таза болмайды. Жалпы, «Таза Қазақстан» деген сөзді кең ауқымда түсінген жөн деп санаймын. Тазалық ең әуелі адамның сана-сезімінен басталуға тиіс. Пейілі таза адамның ісі берекелі болады.

Біз қазір ұлт сапасын жақсартуға баса мән беріп отырмыз. Мен Атырауда өткен Құрылтайда жаңа құндылықтар қалыптастыру мәселесіне тоқталдым. Қазір мемлекет пен қоғамның арасында осыған қатысты ортақ ұстаным бар. Бұл құндылықтар оқу орындарының тәрбие жұмысына арқау болуы керек. Өкінішке қарай, қоғамда озбырлық пен қатыгездік тыйылмай тұр. Мұндай жағымсыз үрдіс, әсіресе, жастар арасында белең алуда. Біз мәселенің түп-тамыры тереңде жатқанын ашық айтуымыз керек. Әлеуметтік желі балалардың мінез-құлқына кері әсер етіп жатқаны сөзсіз. Бірақ бәрін әлеуметтік желіге жаба салуға болмайды. Білім беру жүйесінде кемшіліктер көп. Отбасы тәрбиесінде де олқылық бар. Әрбір ата-ана баласына дұрыс тәлім-тәрбие беруі қажет. Үлкендер өзінің күнделікті іс-әрекетімен балаларға үлгі болуы керек.Еліміздегі балалардың бәрі қоршаған әлеммен үйлесімді, ата-анасы мен жақындарының сүйіспеншілігіне және мейіріміне бөленіп өсуі маңызды. Ол үшін, ең алдымен, отбасындағы зорлық-зомбылық сынды қараңғылықтың, моральдық деградацияның өршуін түп-тамырымен жою қажет, - деді ол.
 

Өзгелердің жаңалығы