Су ресурстары және ирригация министрлігі. 1 жыл ішінде қандай жұмыстар істелді

4 Қыркүйек 2024, 09:39
350
Бөлісу:
Су ресурстары және ирригация министрлігі. 1 жыл ішінде қандай жұмыстар істелді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылғанына 1 жыл толды. Осы уақыт аралығында қандай жұмыс істелді. Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған күннен 2 маңызды құжат қолға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеуді қолға алды.

Үкімет бекіткен Тұжырымдама аясында министрлік 2030 жылға дейін қосымша 2,6 текше шақырым су жинай алатын жаңа 42 су қоймасын салуды, 1,9 текше шақырым су сақтайтын 30 су қоймасы мен 14 450 шақырым суару каналын реконструкциялауды жоспарлап отыр. Осы арқылы тасымалдау кезіндегі су шығынын 25%-ға азайтуға, ал, суармалы жерлердің көлемін 400 мыңнан артық гектарға ұлғайтуға ниетті.

Тұжырымдаманың нысаналы индикаторларына қол жеткізу және су шаруашылығы инфрақұрылымдарын дамыту мәселелерін жедел шешу үшін Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Бүгінгі таңда 100-ден астам жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын.

Мәжіліске енгізілген Жаңа Су кодексінде су ресурстарын тиімді пайдалануға, су үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін қарқынды енгізуге басымдық беріледі.

Биыл елімізде су шаруашылығы нысандарын дамыту бойынша 411 жоба іске асырыла бастады. Атап айтқанда, 575,9 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру, жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырым болатын 203 каналды салу және реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Осының нәтижесінде 1 млн 48 мың тұрғыны бар 437 ауылдық елді мекенде сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарады. Бұдан бөлек, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 3500 шақырым суару желілерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ақмола облысында Нұра топтық су құбырын реконструкциялау жұмысының 36,6 шақырымы аяқталды, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Жыл басынан 32 гидротехникалық құрылыс мемлекет меншігіне қайтарылды. 118 гидротехникалық құрылыс көп факторлы тексерістен өтті.

Судың «қара» нарығымен күресті күшейту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігінде жаңа ведомство – Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылды. Бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 1,5 есе өсіп, жалпы штат саны 242 адамға жетті. Нәтижесінде, әрбір облыс орталығында бассейндік инспекция бөлімі ашылды.

Министрлік көршілес мемлекеттермен трансшекаралық су айдындарын пайдалану мәселесі бойынша 15 іс-шара өткізді. Осының нәтижесінде, биыл елімізге Өзбекстаннан 4 млрд текше метрден астам, Тәжікстаннан 488,6 млн текше метр, Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су келді.

Қытаймен 20-дан астам трансшекаралық өзен бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр. Оның ішінде үш ірі өзен: Ертіс, Іле және Емел бар. Ресеймен Жайық, Ертіс және тағы да басқа ірі трансшекаралық өзендердің суын пайдалану, қорғау және зерттеу жұмыстарын жүргізу жөнінде келіссөздер өтті.

Биыл еліміздің су қоймаларына 75 млрд текше метр су жиналды, оның 12 млрд-тан астамы – тасқын су.

Шардара су қоймасына суару маусымында 4,2 млрд текше метр су келді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,5 есе көп.

Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 18 млрд текше метрден артық су жинап, 100%-ға толды.

Жыл басынан Балқаш көліне 12 млрд текше метр, Каспий теңізіне 7,4 млрд текше метр су жіберілді. 2023 жылдың қазан айынан бері Арал теңізіне 2 млрд текше метрден астам су жіберілді.

«Қазсушар» филиалдары суару маусымында еліміздің шаруаларына 6,4 млрд текше метр су берді. Суару маусымына дайындық аясында 83 гидробекет жөнделді, 775 гидробекет аттестациядан өтті, 390 шақырымнан астам канал тазартылды.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, су үнемдеу жүйелерін орнату шығындарын субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін әр өңірге су үнемдеу жүйелері орнатылған егіс алқаптарын ұлғайту бойынша нақты индикаторлар белгілеп, кезеңдік жоспар әзірледі.

Осылайша, министрлік 2030 жылдың соңына қарай республикадағы суармалы жерлердің жалпы көлемінің 50%-дан астамын су үнемдеу технологияларымен қамтып, жылына 2,2 текше шақырымға дейін су үнемдеуге ниетті.

Бүгінгі таңда министрлік Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп су тасқынын болжау және модельдеудің flood.garysh.kz ақпараттық жүйесін әзірлеп жатыр. Бұдан бөлек, ведомство су тасқынын талдау, болжау және модельдеудің TALSIM (Германия) және Delft-FEWS (Нидерланды) жүйелерін Қазақстанға бейімдеуге ниетті.

Қазақстанда жерасты суларын басқару, іздестіру-барлау жұмыстарын іске асыратын Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды. Ақтау қаласында Каспий теңізінің экологиялық, су деңгейінің төмендеу проблемасын, итбалықтар мен балықтардың популяциясын сақтау мәселелерін зерттеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институты құрылды. Үкімет қаулысымен су қорын пайдалану және қорғау саласында ақпараттық қамтамасыз ету, ирригациялық жүйелерді жақсарту, су қорын ұтымды пайдалану және қорғау бойынша ақпараттық-сараптамалық ұсынымдар әзірлейтін Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы құрылды.

Қазақстанда су шаруашылығы саласында 10 мыңнан астам адам еңбек етеді. Жыл басынан 7000-ға жуық маманның еңбекақысы орта есеппен 25%-ға өсті. Су саласының 450-ден астам қызметкері мамандандырылған орталықтардың жанындағы біліктілік арттыру курстарынан өтті. «Болашақ» бағдарламасына су саласының мамандықтары қосылып, биылдан бастап қазақстандық студенттер аталған мамандықтар бойынша шетелде білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Министрлік 9 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осының нәтижесінде, 80 студент «Қазсушар» филиалдарында өндірістік тәжірибеден өтті. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механикаландыру инженерлері институтымен қосдипломды білім берудің бірлескен бағдарламасын іске қосты. Тараз қаласында жеке Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетін ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Нидерланды, Франция, Германия, Қытай, Израиль мемлекеттерімен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық туралы 7 меморандум жасады. Мәселен, Нидерландымен су тасқынына қарсы іс-қимыл және сала мамандарын даярлауды, Франциямен Балқаш көлі бассейніне зерттеу жүргізуді, Дүниежүзілік банкпен Солтүстік Аралды қалпына келтіру жобасының екінші кезеңін іске асыруды жоспарлап отыр.

Өзгелердің жаңалығы