Жезқазғанда су құбыры жарылып, 389 көпқабатты үй сусыз қалды

2 Қазан 2019, 21:30
2152
Бөлісу:
Жезқазғанда су құбыры жарылып, 389 көпқабатты үй сусыз қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Әкімнің айтуынша, Жезқазғандағы су құбыры жөндеу жұмыстары кезінде жарылған.

"Жезқазған су құбырын жөндеу кезінде құбыр жарылып кеткенін біліп отырмын. Соңы аварияға ұласып отыр. Желінің жалпы ұзындығы – 60 км екен. Ол авария қаладан 25 шақырым жерде орын алды. Себебі – 50 жыл бұрын салынған құбырдың әбден тозуы", - деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Соңғы мәліметтер бойынша дәл қазіргі уақытта 389 көпқабатты үй сусыз қалған. Су 3 қабаттан жоғары орналасқан пәтерлерге түспей отыр. Тұрғындарға тәулік бойы су тасымалдау ұйымдастырылды.

"Қазір жөндеу әрі қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Барлық қажетті техника мен мамандар тартылды. Сондай-ақ, апат орнында менің орынбасарым Ермағанбет Бөлекпаев, Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов, тиісті мамандар сонда. Бұл жағдай менің тұрақты бақылауымда екенін жеткізгім келеді", - деп хабарлады әкім Facebook-тегі парақшасында.

Өзгелердің жаңалығы