Су басқан аймақтарда дәрі-дәрмектер қоры жеткілікті

9 Сәуір 2024, 17:18
306
Бөлісу:
Су басқан аймақтарда дәрі-дәрмектер қоры жеткілікті
Фото: ОКҚ

Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында ДСМ ресми өкілі Әйгерім Оразалиева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздің медициналық ұйымдары штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр.

Су басқан Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары секілді алты өңірде жедел медициналық көмек қызметтерінің, стационарлардың қабылдау бөлмелерінің және медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының жұмысы күшейтілді. Іске қосылған 70 эвакуациялық пунктте тәулік бойы дәрігерлер, орта медициналық персонал кезекшілік ететін медициналық посттар орналастырылған. 300-ге жуық медицина қызметкері жұмылдырылды, -деді Әйгерім Оразалиева.

Оның айтуынша, су басқан аймақтарда орналасқан стационарларда барлығы 103 адам ем алып жатыр. Су басқан аймақтарда дәрі-дәрмектер мен медициналық өнімдердің қоры жеткілікті.

Ем алып жатқандардың басым бөлігі Маңғыстау және Атырау облыстарында. Оларға хирургия, травматология, акушерлік және гинекология, педиатрия (су тасқынына байланысты емес аурулар бойынша) сияқты бейіндер бойынша медициналық көмек көрсетіледі. 6 сәуірде су басу қаупіне байланысты Маңғыстау облысының Бейнеу аудандық орталық ауруханасына Жылыой аудандық ауруханасынан 51 науқас көшірілді. Олардың барлығы емдеу хаттамаларына сәйкес жоспарлы көмек алуды жалғастыруда. Бейнеу қаласында медициналық көмек көрсету үшін Ақтау қаласындағы облыстық стационарлардан қосымша 8 дәрігер іссапарға жіберілді,-деді расми өкілі.

Су тасқыны аймақтарынан эвакуацияланған 560 адамның әртүрлі созылмалы аурулары бар. Олар орналасқан жері бойынша толығымен тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Қостанай өңірі бойынша эвакуациялық пунктер де жұмыс істеп жатыр.

Қостанай қаласында су тасқынынан зардап шеккендер үшін 88 эвакуациялық пункт ашылды. Медициналық көмекке мұқтаж адамдар үшін қала стационарларында қосымша 195 төсек-орын орналастырылды. Ал, Батыс Қазақстан облысында су тасқыны қаупіне байланысты облыстық кардиологиялық орталық ғимаратында емделіп жатқан пациенттер қалалық көпбейінді ауруханаға ауыстырылды. Ол жерге 111 төсек-орын берілді. Барлық 109 пациент ем алып жатыр,-деді Әйгерім Оразалиева.

Өзгелердің жаңалығы