Студенттер саңырауқұлақ пен балапан өсіріп, нәпақа табады

20 Маусым 2023, 19:15
1040
Бөлісу:
Студенттер саңырауқұлақ пен балапан өсіріп, нәпақа табады

Ертіс өңіріндегі «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінің студенттері жеке істерін дөңгелетуді үйреніп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Жастар ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларын агрохаб базасында іске асыру мүмкіндігіне ие. Мамандардың айтуынша, студенттер «Кәсіпкерлік қызметінің негіздері» факультативті курсы шеңберінде екі бизнес жобаны қолға алды. Біріншісі – саңырауқұлақ өсіру, екіншісі – балапан өсіру. Қос жобаны жүзеге асыруға қажет құрал-жабдықты облыстық ауыл шаруашылығы сынақ станциясы ұсынған. Ал өзге материалдарды колледж өкілдігі сатып алды.

Біз қазіргі нарықта өзекті және қиындықсыз жүзеге асырылатын бағыттарды таңдап алдық. Мәселен, саңырауқұлақ немесе балапан өсіруге қыруар қаражат немесе күрделі құрал-жабдық керек емес. Яғни, істі бастау үшін еш қиындық жоқ. Жұмысты сапалы атқару үшін агрономия және ветеринария салаларының білікті мамандарын жұмылдырдық. Тиісті кеңес, бағыт-бағдар береді. Ал жастар еңбек тиімділігіне жауапты. Экономикалық көрсеткіштерді алдын ала есептеп алу да маңызды, - дейді колледждің экономикалық пәндер оқытушысы Аманжол Аралов.

Оқытушылардың айтуынша, осы тектес жобалар қысқа мерзімде нәтиже береді. Мәселен, саңырауқұлақтың алғашқы өнімі бір жарым айдан кейін алынды. Ол шемішке қалдықтарында өсіріледі. Ал жұмыртқа беретін тауық балапандарының алғашқы легі 21 күннен кейін алынды. Балапандардың өнімділігі 85%.

Бұл жобаларды болашақ мал дәрігерлері мен агрономдар қолға алған. Жастар тәжірибелік білімдерін колледж қабырғасында жүріп-ақ алып, нәпақа табады.

Өзгелердің жаңалығы