Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Стипендия өсіп, грант артады: Студенттерге жағдай жасалатын болды

24 Маусым 2025, 15:21
1041
Бөлісу:
 Арман Мухатов  - архив
Фото: Арман Мухатов - архив

Биыл Қазақстанда медициналық жоғары оқу орындарын 11 мыңнан астам түлек аяқтап шығады. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жас мамандардың 2/3 бөлігі өңірлердегі медициналық ұйымдарға жіберіліп, кадр тапшылығын жабуға атсалысады. Министрліктің мәліметінше, бұл – елдегі денсаулық сақтау жүйесін теңгерімді дамытудың нақты қадамы.

Біз жыл сайын медициналық білім берудің барлық деңгейлері бойынша 5 мың грант бөлеміз. Қазір гранттардың құнын арттыру, ал ақылы негізде қабылдауды қысқарту мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл – білім сапасын көтерудің бір жолы, – деді вице-министр.

Медициналық білімде қандай өзгерістер болады?

Грант құны артады – Сапалы кадр дайындау үшін грант көлемін ұлғайтып, ақылы оқу үлесін азайту көзделіп отыр.

Интернатура өзгеріске ұшырайды – Интернатураның белгілі бір бағдарламалары тек ауылдық жерлер мен емханаларға бағытталады. Бұл – шалғай елді мекендерде медицина қызметінің қолжетімділігін арттыруға сеп.

Педиатрияда 14 жаңа мамандық енгізіледі – Өңірлердегі балалар дәрігерлері жетіспеушілігін жою үшін резидентураға жаңа педиатриялық бағыттар қосылды.

Стипендия өседі – Студенттердің шәкіртақысы жыл сайын орта есеппен 20%-ға артпақ.

Міндетті емтихан енгізілді – 2025 жылдан бастап 3-курс студенттері базалық білімді бағалайтын мемлекеттік емтихан тапсырады. Бұл жүйе оқу барысының тиімділігін арттырады.

Медициналық кадр тапшылығы қалай шешіледі?

Қазіргі таңда еліміздің ауыл-аймақтарында дәрігер тапшылығы әлі де өзекті. Министрлік бұл мәселені кешенді шешу үшін жаңа оқу бағдарламаларын енгізіп, түлектерді өңірлерге жолдауды жалғастыруда. Сонымен қатар, инфрақұрылымдық қолдау, қызметтік баспана, көтерме төлемдер сынды ынталандыру шаралары да қолға алынған.

Басты мақсат – маман даярлаудан бастап, оны ел игілігіне жұмыс істеуге бағыттау, – деп түйіндеді Сұлтанғазиев.

Өзгелердің жаңалығы