Стати ісі тоқтады. Сот Қазақстан пайдасына шешілді

6 Желтоқсан 2021, 16:27
1534
Бөлісу:
Стати ісі тоқтады. Сот Қазақстан пайдасына шешілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылғы 2 желтоқсанда Люксембургтің Апелляциялық соты Қазақстанның пайдасына шешім шығарып, алаяқтық жолмен алынған төрелік шешімді тану және орындау жөніндегі Статидің әрекеттерін тоқтатты.

Процесті тоқтата тұруға жалған құжат жасау, алаяқтық және ақшаны жымқыру айыптары бойынша Статиге қарсы қаралып жатқан қылмыстық іс жүргізу негіз болды.

Люксембургтің Апелляциялық соты егер Стати төрелік шешімді алаяқтық жолмен алған болса, «Нью-Йорк Конвенциясының V (2) b бабына сәйкес осы төрелік шешімді тану және орындау жария тәртіпке қайшы келеді» деген қорытындыға келіп, Қазақстанмен келісті.

Бұл шешім Статидің ірі көлемдегі алаяқтық схемаға қатысы бар, ол тек төрелік трибуналды ғана емес, сонымен қатар шешімнің күшін жою жөніндегі процесс кезінде Швеция соттарын да жаңылыстырды деген Брюссельдің Апелляциялық сотының шешімінен  кейін екі аптадан соң қабылданды.

Бұған дейін хабарланғандай, бельгиялық шешім нәтижесінде Стати мен олардың адвокаттары 530 миллион АҚШ долларына жуық сомаға тең Ұлттық Банктің активтеріне заңсыз салынған уақытша тыйымның күшін жойды.

Сонымен қатар, Апелляциялық сот белгілі халықаралық сарапшылардың пікіріне сүйеніп, Стати «қабылданған шешімдерге әсер ету үшін төрелік трибуналға және соттарға ұсынылған материалдардағы мәліметтерді саналы түрде өзгерту арқылы алаяқтық жасады» деп анықтады.

Атап айтқанда, сот келесі сарапшылардың қорытындыларына сілтеме жасады.

KPMG хат-хабарлары мен жалған қаржылық есептілікті қоса алғанда, қазір қол жетімді болған дәлелдер Статидің заңсыз әрекеті мен теріс ниетін анық көрсетеді. Бұл дәлелдемелердің төрелік трибуналға қолжетімділігі юрисдикцияны, Стати талаптарының негізділігін және Қазақстанның жауапкершілігін айқындау барысында шешімге елеулі ықпал етер еді – делінген профессор Кристоф Шройердің 2020 жылғы 20 қаңтардағы қорытындысында. (72 т.)

Ал профессор Джордж А. Берманның 2021 жылғы 17 қаңтардағы қорытындысында төмендегідей дәлел келтіріледі: (198 т.)

Статидің төрелік трибуналға осындай маңызды мәселелер бойынша жалған дәлелдемелерді әдейі ұсынуы шешімді заңсыз етеді. Сонымен қатар, бұл Статидің алаяқтығы мен төрелік трибунал тұжырымдары арасындағы себеп-салдарлық байланысты айқын көрсетіп, алаяқтық нәтижесі екендігін дәлелдейді. Статидің талабы бойынша төрелік трибунал газ өңдеу зауытын салумен байланысты залалдың мөлшері туралы шешім қабылдаған кезде Статидің алаяқтық өніміне, ҚМГ-нің Индикативтік ұсынысына сүйенді – делінген онда.

Сонымен қатар Стати ісі бойынша 2021 жылғы 29 сәуірде қорытынды шығарған профессор Бернар Ханотиау оның алаяқтығын толық ашып жазды. (157-158 т.)

Демек, төрелік шешімнің мазмұны мен төрелік трибуналдың юрисдикция, жауапкершілік, себеп-салдарлық байланыс және залалға қатысты тұжырымдары мүлдем басқаша болар еді. Осы элементтердің барлығын, сонымен қатар, төрелік трибунал назарына жеткізілмеген Статидің алаяқтық әрекеттерінің ауырлығын ескере отырып, халықаралық жария тәртіптің айқын және түбегейлі бұзылуына байланысты төрелік шешімді Бельгияда тануға және орындауға болмайды деп санаймын, – деді ол.

Бұл шешім Люксембургте Қазақстанның пайдасына шешілген оң шешімдердің бірі болып табылады. Бұған дейін хабарланғандай, 2021 жылғы ақпанда кассациялық сот төрелік шешімді танудың күшін жойды. Себебі төменгі сатыдағы сот Статидің алаяқтығына қатысты жаңа дәлелдерді, атап айтқанда КPMG хат-хабарларын қарастырған жоқ.

Сонымен қатар, 2021 жылғы қаңтарда Люксембург аудандық соты Статидің алаяқтық шешімінің орындалуын қамтамасыз ету әрекеттерін тоқтатты. Мәселен, ҚР активтеріне тыйым салу бойынша азаматтық процесс Люксембург құқық қорғау органдарының Статидің алаяқтық әрекеттерін толық тергеу жүргізгенге дейін тоқтатылды.

2017 жылдан бастап Статидің төрелік шешімін Бельгияда, Нидерландыда және Люксембургте орындауды NautaDutilh заң фирмасы қамтамасыз етті. King & Spalding LLP заңгерлік фирмасы Статидің мүдделерін барлық юрисдикцияларда, сонымен бірге қазіргі уақытта алаяқтық деп танылған арбитраж кезінде үйлестіруді жүргізді.

Стати Англияда, Бельгияда жеңіліс тапты. Енді Люксембургте алаяқтық арбитраждық шешімнің орындалуын қамтамасыз ету әрекеттері оларға қарсы қылмыстық  іс аяқталғанға дейін тоқтатылды. Халықаралық сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық үшін қудалау заңның үстемдігін қорғау үшін өте маңызды. Әділет министрлігі Стати мен олардың сыбайластарын жауапқа тарту үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынын тағы да қайталайды, - деді Люксембургтегі шешімге түсініктеме берген Әділет министрі Марат Бекетаев.

Өзгелердің жаңалығы