Стамбулда қазақстандықтың өлімінен соң халықаралық қылмыстық топтың киллерлері қолға түсті

15 Шілде 2026, 11:27
АВТОР
 15 Шілде 2026, 11:27
15 Шілде 2026, 11:27
176

Қазақстан, Түркия және Грузияның құқық қорғау органдары бірлесіп жүргізген арнайы операция нәтижесінде бірнеше ауыр қылмысқа қатысы бар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталды. Тергеу Стамбұлда Қазақстан азаматының өлтірілуінен кейін басталды.

ІІМ мәліметінше, Стамбұлда Қазақстан азаматы Исмаилов атыс қаруынан қаза тапқан. Үш елдің құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылының арқасында қылмыс қысқа мерзімде ашылып, оны тікелей орындады деген күдікпен екі адам ұсталды.

Тергеу барысында қылмыстың себебі анықталып, кісі өлтіруді ұйымдастырды және тапсырыс берді деген күдікке ілінген тұлғалардың жеке басы белгілі болды. Ведомствоның мәліметінше, олар трансұлттық қылмыстық орта өкілдері болып табылады және халықаралық іздеуде жүрген адамдар.

Ұстау операциялары бірнеше елде өтті

Тергеу барысында жиналған мәліметтер аталған қылмыстық топ мүшелерінің Қазақстан аумағында жасаған өзге де ауыр қылмыстарын ашуға мүмкіндік берді.

Алматыда 2025 жылдың тамызында жергілікті тұрғынды өлтіруге оқталды деген күдікке ілінген болжамды жалдамалы кісі өлтірушілердің бірі ұсталды. Одан қылмыс жасау кезінде пайдаланылған тапанша тәркіленді. Осы эпизод бойынша тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, Түркия және Грузиядағы әріптестермен бірлесіп, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін бір мезгілде үш мемлекеттің аумағында ұстауға бағытталған кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізілген.

Тергеу жалғасып жатыр

Алматыда бірнеше қарулы шабуылға қатысы бар деген күдікпен тағы бір топ адам қолға түсті. Тергеу мәліметінше, олардың мақсаты диаспоралық топтардың жекелеген өкілдерінің бизнесіне қылмыстық ықпал орнату болған.

Сонымен қатар Грузияда халықаралық қылмыстық құрылымдармен байланысы бар және бірнеше ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген тұлғалар ұсталды.

Қазіргі уақытта дәлелдемелерді жинау жұмыстары жалғасуда. Тергеу қылмыстық схеманың барлық қатысушыларын анықтап, сондай-ақ қазір АҚШ-та журналист әйелді өлтіруге оқталғаны үшін жазасын өтеп жатқан қылмыстық топтың болжамды ұйымдастырушысын жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдап жатыр.

Наверх