Срочники 2.0. ҚМ мерзімді әскери қызмет өткергендерді университеттерге бөлді

15 Маусым 2023, 15:38
1575
Бөлісу:
Срочники 2.0. ҚМ мерзімді әскери қызмет өткергендерді университеттерге бөлді
Фото: ОКҚ

Срочники 2.0 платформасы арқылы әскерде қызмет өткерген сарбаздардың алғашқы іріктеу нәтижесі шығарылды. Енді олар университеттерде тегін оқи алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қорғаныс министрлігі 2022 жылғы көктем мен 2023 жылғы көктем аралығында әскерде қызмет өткерген сарбаздардың алғашқы іріктеу нәтижесін шығарды.

Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаеваның айтуынша, іріктеу ыңғайлы әрі ашық өтуі үшін «Срочники 2.0» цифрлық платформасы енгізілген.

Платформада ҚР ҚК, ТЖМ, МКҚ және ҚР ҰҰ- ның 110-нан астам жауынгерлік бөлімі тіркелген. Бұл – 28 517 сарбаз.

Бұл жүйеде барлық мерзімді қызмет жауынгерлерінің қызмет ету кезеңін бағалау көрсетілген. Оны қандай да бір жолмен ауыстыру мүмкін емес. Ай сайын барлық пән бойынша әскери қызметшілердің бағаларының рейтингі шығарылып отырады.Әскерлердегі жауынгерлік дайындық журналдарында және осы электрондық платформада есеп жүргізіледі, - деді Айгүл Төлембаева.

Электрондық жүйеде әр сарбазға жеке рейтинг жасалады.

Кандидаттарды іріктеу 4 критерий бойынша жүргізіледі:

  • жауынгерлік дайындық;
  • жеке тәртіптілік;
  • арнаулы міндеттемелерді орындаудың толықтығы;
  • психологиялық жағдайды бағалау.

Сонымен қатар әр сарбаз үш университетті таңдай алады.

«Срочники 2.0» электронды жүйесінде сарбаздарды ЖОО-лар бойынша бөлу автоматты түрде жүргізіледі.

ҚМ-де жоғары оқу орындарына сарбазды бөлуді анықтауды бақылау үшін комиссия құрылғанына ерекше назар аударғым келеді. Комиссия құрамына Қарулы күштердің басшылық құрамы, ҰҰ, ТЖМ секілді басқа да күштік құрылымдардың өкілдері, азаматтық жоғары оқу орындарының және сарбаз аналары комитетінің өкілдері кірді. Конкурстық іріктеуге қазір 12 548 мерзімді қызметтің сарбазы қатысып жатыр, - деді ол.

Айгүл Төлембаева атап өткендей, қазір 1 500 орын бөлінеді. Екінші жартысы 2022 жылғы күзде шақырылғандар үшін осы жылдың күзінде өтеді.

Бүгін брифингте 2022 жылғы көктемде шақырылған сарбаздар жоғары оқу орындарына бөлінді.

ҰБТ-ға ұқсас, QR коды бар сертификаттар қалыптасады. Оларды қолдан жасай алмайды.

Сарбаздар жоғары оқу орындарына түсу сертификаттарын осы платформадан, яғни «Срочники 2.0»-ден ала алады.

Конкурсқа қатысқан сарбаздар платформаға өтіп, ЖСН арқылы сертификаттардың барын тексере алады.

Өзгелердің жаңалығы