СҚО-да қызылша жұқтырғандар саны 26 адамға жетті

6 Ақпан 2019, 21:34
2347
Бөлісу:
СҚО-да қызылша жұқтырғандар саны 26 адамға жетті

СҚО, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан облысында қызылшаға шалдыққандар саны 26 адамға жетті. Тағы 52 тұрғын аталған дертті жұқтыруы мүмкін деген күдікпен тіркеуге алынды.

Былтыр Қызылжар өңірінде қызылшамен ауырған 1 адам тіркелген болатын. Биыл жағдай ушығып тұр. Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандарының мәліметінше жұқпаға шалдыққандардың барлығы ауруға қарсы екпе алмаған. Олардың бірі екпе алу жасына толмаған болса, екіншілері одан бас тартқан. Кей жағдайда қажетті вакцина болмаған.

«Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы мәліметтеріне сәйкес, биыл Батыс Қазақстан облысынан қызылшаға, қызамық пен эпидемиологиялық паротитке қарсы 1500 дана вакцина алынды. Және олар барлық дерлік аудандық ауруханалар мен қалалалық емханаларға жеткізілді», - дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы Күлпаш Таласбаева.

Вакцина қызылша жұқтырған адамдармен қатынаста болған 1 мен 30 жас аралығындағы тұрғындарға қойылады. Қызылша жұқтырғандардың басым көпшілігі Петропавл қаласының тұрғындары. Олардың арасында медицина саласының қызметкерлері де бар. Ауру жұқтырғандардың тең жартысы 14 жасқа толмаған балалар.

Эльмира Кәленова

Өзгелердің жаңалығы