СҚО полицейлері “Өрмек” жедел-профилактиклық іс-шарасы шеңберінде синтетикалық есірткілерді жеткізу арнасының жолын кесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Есірткінің таралуына қарсы күрес – полиция жұмысындағы басым бағыттардың бірі. 16-20 қаңтар аралығында СҚО-да “Өрмек” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оның мақсаты – есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу.
5 күн ішінде СҚО полицейлері мұқият дайындалған бірқатар жедел іс-шараларды іске асырды. Атап айтқанда, Астана қаласынан Петропавл қаласына синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолы кесілді.
“Тұз” деген атпен белгілі α-PvP синтетикалық есірткісінің ірі көлемі тәркіленді. Мұны растау және нақты салмақты анықтау үшін сараптама жүргізіледі. Сондай-ақ полицейлер есірткі жеткізуші курьерді ұстағанын хабарлады. Одан синтетикалық есірткінің 50 түйіншек тәркіленген.
Бұдан бөлек, облыста іс-шара өткен уақытта есірткінің заңсыз айналымы саласында 14 қылмыстық құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілді. Іс-шараны өткізген кезде есірткіні жеткізу арналарын анықтауға, есірткіні, әсіресе, синтетикалық психоактивті заттарды өткізуді ұйымдастырумен айналысатын қылмыстық топтарды әшкерелеуге ерекше назар аударылды, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.