Солтүстік Қазақстан облысында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесуден қорғау мақсатында орманшылар күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Браконьерлермен күреске 95 мобильді топ құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
Жаңа жыл мейрамының сәні - шыршаға мереке жақындаған сайын сұраныс артады.
Бүгінде қылқан жапырақты ағаштарды саудаға шығарып, сатып жатқандар да бар.
Алайда елімізде бұл жасыл желекті кесуге мораторий жарияланған. Сондықтан осы уақытта орманшылардың жұмысы қыза түседі.
«1 желтоқсаннан 31 желтоқсанға дейін жаңа жыл мейрамына орай қылқан жапырақты ағаштарды қорғауға алдық. Бұл жұмысқа 50 адам тартылған, олар полицейлермен бірге рейдтерге шығады. Орман шаруашылығында 13 мобильді топ құрылған. Сондай-ақ тағы екі жерде Краснояр және Виноградов орманшылығында стационарлық бекет жұмыс істеп жатыр», - дейді Соколовское орман шаруашылығының ағаштарды қорғау және күзету инженері Алексей Кучерявенко.
Соколовское орманшылығында қылқан жапырақты ағаштар 1300 гектар жерді алып жатыр. Бұл, мамандардың айтуынша, үлкен аумақ.
Жасыл желекті браконьерлерден қорғау үшін ормашылар тәулік бойы кезекшілік етеді.
Бұдан басқа тұрғындармен алдын алу, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі екен.
«Қылқан жапырақты ағашты заңсыз кескендерге келген шығынға қарай әкімшілік және қылмыстық жаза қарастырылған. Егер 100 АЕК мөлшерінен аз шығын келтірілсе, бұл 364 мың теңге шамасында, онда кінәлі адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Ал одан көп мөлшерде шығын келтірсе, онда қылмыстық жауапкершілік бар. Бұл 180 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе соған сай келетін түзету жұмыстары. Сондай-ақ 45 тәулікке дейін қамалуы мүмкін. Екі жағдайда да браконьерлік құралдары: көлік, ара, т.б. және кесілген ағаш тәркіленеді», - дейді Алексей Кучерявенко.
Маманның айтуынша, Жаңа жыл мейрамы қарсаңында бір қылқан жапырақты ағаштың құны 15 АЕК-ке бағаланған, яғни бір шыршаны кессе 45 мың теңгеден аса шығын келтірген болып есептеледі. Заңның қатаңдатылуынан болар соңғы жылдары өңірде қылқан жапырақты ағашты рұқсатсыз кесу фактілері тіркелмеген.
Десек те, СҚО орманшылары жылда осы уақытта жұмысты күшейтеді.
«Облыс бойынша 17 стационарлық бекет бар, 95 мобильді топ құрылған. Олар ормандарда ғана кезекшілік етпей, елді мекендерге кіріп, қылқан жапырақты ағашты сатып жатқандардың құжаттарын тексереді. 795 данаға комитетке тапсырыс бердік. Оның 500 данасын Кондратов орман питомнигі бөледі. Қылқан жапырақты ағаштар тек мекемелерге – мектептерге, бала бақшаларға бұқаралық іс-шараларды өткізу үшін ғана беріледі», - дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының маманы Қайролла Байтеңізов.