Мемлекеттік дистрибьютордың қызметіне қатысты сыни мәлімдемелер азаймай тұр. Солардың бірі - "СҚ-Фармация", деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"СҚ-Фармация" тарихы
Қазақстандағы фармацевтикалық саланың басты ойыншыларының бірі – «СҚ-Фармация» ЖШС 2009 жылы Үкімет қаулысымен құрылды. Ол – еліміздегі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алуға және жеткізуге жауапты бірыңғай оператор.
СҚ-Фармацияның негізгі міндеттеріне дәрі-дәрмектерді сатып алуды орталықтандыру, сақтау, логистика мен дистрибуцияны ұйымдастыру, медициналық техниканы лизингке беру және саладағы ақпараттық жүйелерді қалыптастыру кіреді.
Компания алғашында "Самұрық-Қазына" қорының құрылымында болса, кейін 2013 жылы Денсаулық сақтау министрлігіне өтті. 2012 жылдан бастап медициналық техниканы республикалық бюджет есебінен сатып алу және лизингке беру де СҚ-Фармацияның құзыретіне берілді.
Пандемия кезінде басталған дау
2020 жылы COVID-19 пандемиясы кезінде компанияның жұмысына қатысты қоғамда үлкен сын туындады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында компанияның жұмысына қатысты ашық айтса, Антикорға тексеру тапсырылды.
Туындаған қиындыққа кінәлілердің бәріне қатысты тергеу жүргізу керек. Жауапкершілікке тартқан дұрыс. МӘМС қоры мен "СК Фармация" басшылары жұмыстан шығарылсын. Керек болса тергеу жүргізген жөн, - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сол кезде төтенше жағдай кезінде басшылыққа келген Берік Шәріп бір жыл өтпей қызметінен босатылды. Кейін ол пандемия кезінде дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтамасыз етпей, қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды.
Сот процесі бірнеше кезеңге созылды. Алғашында ақталған экс-басшы кейін апелляция шешімімен кінәлі деп танылып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу органдары оның Қытайдан заңсыз жолмен 8,3 млрд теңгеге қорғаныс костюмдерін сатып алғанын анықтады.
Ерхат Есқалиевтің кезеңі
Берік Шәріптен кейін басқарма төрағасы болып Ерхат Есқалиев тағайындалды. Ол пандемия кезінде халыққа дәрі жетпей жатқан тұста, компания қызметін қайта қалпына келтіруге тырысты. Дегенмен, қоғам тарапынан сын аз болмады. Оның жалақысы мен бақылау кеңесінің мүшелерімен тегі бір екені де әлеуметтік желіде қызу талқыланды.
2024 жылы Денсаулық сақтау министрлігі оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Нақты себебі айтылмады.
Антикор есебі: жүйелі кемшіліктер аталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2024 жылы «СҚ-Фармация» ЖШС қызметіне сыртқы талдау жүргізіп, фармацевтика саласында елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар екенін анықтады:
• 2020–2023 жылдары дәрі-дәрмек сатып алу бойынша 1 241 лоттың жартысынан көбі бәсекесіз жолмен өткізілген;
• Бір өтініммен ұтып алу, картельдік сөз байласу, бағаны жоғары ұстап тұру әрекеттері жиі кездескен;
• Делдал-жеткізушілер мен жалған отандық өндірушілердің саны көбейген;
• 6,7 млрд теңгеге дейін асыра бағалау тәуекелі бар 13 шарт тіркелген;
• Сатып алулардың тек 8%-ы ғана 81% үнемдеуге қол жеткізген, қалған лоттарда баға төмендемеген.
Персоналдарды конкурссыз қабылдау, қосымша ақы мен премияларды заңсыз тағайындау, логистикалық қызмет нарығындағы монополия – бұл да анықталған кемшіліктер қатарына енген.
Мәжіліс депутаты тергеу талап етті
2025 жылы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Бас прокуратураға үндеу жасап, «СҚ-Фармация» басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуді сұрады. Оның айтуынша, компания кей дәрілерді нарықтағы бағадан 40–365%-ға қымбат сатып алған. Бұл шығын 17,2 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар 2,8 млрд теңгенің дәрісін медициналық мекемелер қабылдаудан бас тартқан.
Депутат фармацевтика саласындағы жүйелі бақылаудың жоқтығы бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына себеп болып отыр деп мәлімдеді.
Жаңа басшы – жаңа үміт?
2024 жылдың шілдесінде компания тізгінін Еркен Жақатай ұстады. Ал 2025 жылдың шілде айының басында басқарма төрағасы болып Нұрлыбек Асылбеков тағайындалды. Ол денсаулық сақтау саласындағы тәжірибелі басқарушы, бұған дейін Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасын басқарған.
Асылбековтің алдында фармацевтикалық саланы ашықтық пен тиімділікке негізделген жаңа басқару жүйесіне көшіру, сатып алу процестерін реттеу, отандық өнім үлесін шынайы арттыру сияқты бірқатар өзекті міндеттер тұр.