Спортшылар лейтенант атанды

23 Қараша 2020, 23:04
1911
Бөлісу:
Спортшылар лейтенант атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубына қарайтын Штаттық команданы даярлау орталығының нұсқаушы спортшыларына алғашқы «лейтенант» - офицерлік атақтары берілді.

Кіші сержант Руслан Жапаровтың және ефрейтор Асхат Ділмұхамедовтың, Гумар Қырғызбаеваның қоржынында республикалық және халықаралық жарыстардың жеңістері аз емес. Олар грек-рим күресінен, қазақ күресінен, дзюдо мен таэквондодан армия спортының намысын қорғап, жетістіктерін еселеп жүр. Жуырда ефрейтор Гумар Қырғызбаева әлемнің 10 үздік дзюдошыларының қатарына енді.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен Отан алдындағы ерекше еңбегі, дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі, спортшылардың жоғары жеке жетістіктері үшін бірінші офицерлік шендері берілді.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі мен Орталық спорт клубының басшылығына, жаттығу үдерісінен қол үзбей, Отан алдындағы борышымды өтеуге ерекше мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін. Біз, спортшылар, әрқашан армия спортының туын көкке көтеруге тырысамыз. Әскери борышымызды адал және абыроймен атқаруға барымызды саламыз. Орталық спорт клубының дәстүрін құрметтейміз, - деп атап өтті армия балуаны Асхат Ділмұхамедов.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубының базасында спорттың жиырмадан астам түрінен даярлық өткізіледі.

Бүгінгі күні, армия спортшылары 2021 жылы Токиодан өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға 14 жолдама жеңіп алды.

Өзгелердің жаңалығы