Спорт терминдері қашан бір ізге түседі?

29 Мамыр 2019, 17:40
9517
Бөлісу:
Спорт терминдері қашан бір ізге түседі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы жылдары спортқа қатысты терминологиямыздың кемтігін толтырып, кемістігін жөнге келтіріп және оны байыту тұрғысында істеліп жатқан жұмыс байқалмайды. Әлі күнге спорт журналистері мен комментаторлар терминдерді өз беттерінше орыс және шет тілдерінен аударып қолданып жүр.

Жеңіл атлетикадағы терминдер

Екі жылдай Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметінде және ресми сайтында жұмыс істедім. Бұрын «Спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетикаға аса көп қалам термей қойғанмын. Шыны керек, ең бірінші қиналған мәселе осы терминдер болды.

Мысалы, жеңіл атлетикада мынандай екі сайыс бар:

100 м с барьерами,

Бег на 3000 метров с препятствиями.

Біздің тілшілер осының екеуін де кедергілер арқылы жүгіру деп аударып жүр. Бірақ шын мәнінде екеуі екі түрлі сайыс түрі саналады. Мен мамандармен ақылдаса келе, алғашқысын яғни, «100 м с барьерами» сайысын 100 метрге кедергілер арқылы жүгіру деп аударсам, екіншісін 3000 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру деп қолдануды әдетке айналдырдым.

Сосын ағылшыншасы «shot put» деп жазылатын, орыстар «толкание ядра» деп аударған сайыс бар. Оны қазақ журналистері «ядро лақтыру» деп жазып жүр. Бірақ шын мәнінде «толкание» сөзінің тура аудармасы – итеру. Бірақ ядро итеру деген дөрекі естіледі. Сондықтан, ең дұрысы «ядро серпу» секілді. 

Әйтеуір, «тройной прыжок» жаттығуын «үштік секіру» деп тәржімалайтындар азайды. Шын мәнінде, өте сәтті аудармасы бар. Ол – үш қарғып секіру.

Футболдағы терминдер

Футбол – әлемдегі №1 спорт түрі. Сондықтан оған қызығатындар да, тамашалайтындар да көп. Еліміздегі спорттық арнада футбол ойындарын жиі көрсетеді. Бірақ қазақ комментаторлары көптеген терминді қалай аудару керектігін білмей, бастары қатып жүр. 

Мысалы, орталық алаңда қорғанысқа жақын ойнайтын ойыншыны орыстар «опорник» деп атайды. Сол сөзді «артқы жартылай қорғаушы» деп қолданып жүргендер көп. Бірақ «опорник» сөзі «опора» дегеннен шыққанын ескерсек, оның тура мағынасы «тірек» болу керек. Егер, «тірек жартылай қорғаушы» деп қолданатын болсақ, тағы құлаққа түрпідей тиеді. Сондықтан осы жағын тағы да ойланып көрген дұрыс болар. 

Футболдағы сәтті аудармасы табылмаған сөздердің қатарында «навес», «прострел», «перекладина» сөздері де бар. 

Спорттағы паразит сөздер

Қазақтілді комментаторлар «қос команда», «қос матч», «қос футболшы» деген паразит сөздерге әуес болып алған. Қазақша «қос» деген сөз орысшаға «пара» деп аударылады. Қос қанат болуы мүмкін, бірақ ешқашан қос команда болмайды. Бұл енді өте сауатсыз, зиянды қолданыс, тілбұзарлықтың өрескел түрі.

«Астана» УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші раундында «Динамо» (Загреб) клубын жеңіп, келесі кезеңге өтсе: «Астана» Загребтің «Динамосын» айналып өтті деп айтатындар бар. Айналып өткені қалай? Сонда олармен мүлде ойнамаған ба? «Астана» футболшылары Нұр-Сұлтан қаласынан көлікке мінген де, жолдағы елдерді айналып өтіп, Загребке басқа жолмен тура барған ба? Сөйтсек, орыстың «обошел» деген сөзін біз түсінбей қалмасын деп аударған түрі екен. Бұлай басты қатырғанша «шаң қаптырды», «жерге қаратты», «сан соқтырды», «ұтты», тіпті қазақшадағысы келсе, «тәубесіне келтірді» деп қолданған дұрыс болар.

«Қазақтілді комментаторлар орыс тіліндегі сөздерді (калька сөздерді) қолдануға машықтанбауы керек. Авария, катастрофа дегенді көп қолданады. Мұның бәрі апат болмай ма?! Комментаторларға ізденіс керек. Сөздерді дұрыс, орынды қолдануға тырысуы тиіс және кірме сөздерді азайтып, өзіміздің қазақша терминдерді қолдануға көшу керек. Екіншіден, коментаторлардың себепсіз айқайы көп. Гол сөзін 40 секунд созып айтудың қажеті жоқ. Одан кейін, кірме сөздерді қолдануға ынтық болмаған дұрыс. Оларды ұқсас сөзбен алмастырып отыру керек. Бірде футбол десең, бірде аяқдоп де. Қазақ комментаторлары І раунд, І тайм, І сет дегенді көп қолданады. Неге мұның орнына қазақтың бір ғана «кезең» деген сөзін қолданбасқа?!», - деп күйініп еді бір кездері марқұм спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратаев.

Кез келген тілдің қанат жайып, өрістеуі үшін оның бірнеше шарты бар. Солардың бірі – ұлттық терминологиялық жүйенің мықты болуы. Осы мәселеге терең мән берген елдер ғылым мен білім, техника, технология және т.б. салалардағы тілдің тұғырын биіктетіп, іргетасын нығайтары анық.

Өзгелердің жаңалығы