Спорт өмірімді 180 градусқа өзгертті - параволейболшы

6 Наурыз 2024, 12:09
1358
Бөлісу:
Спорт өмірімді 180 градусқа өзгертті - параволейболшы
Фото: жеке мұрағат

Еліміздің параволейболшылары халықаралық жарыстардың жеңімпаздары, әлемдік рейтінгте үздік бестікке кіретін мықты команда болып саналады. Өткен жылдың өзінде ғана Азия чемпионатының және Азия Паралимпиада ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алып, еліміздің абыройын асқақтатты. Осы ретте, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі спортшы Пердебай Намұратовпен параволейболға қалай келгені, командалық сорттың ерекшелігі туралы сұрақтарға жауап алды.

– Параволейбол спортына қалай келдіңіз, неліктен осы спортты таңдадыныз,  айтып беріңізші? 

10-сыныпта оқып жүргенімде жол апатына түсіп, бір аяғымнан айырылдым. Алғашында өте ауыр жағдайда болдым. Бірақ отбасым және жақын туыс-бауырларымның арқасында жаңа өміріме бейімделіп, мойымай, алға жүруге тырыстым. 22 жасымда Шымкенттегі оңалту шипажайында теннис спортының жаттықтырушысы Арыстан ағаймен таныстым. Ол менен: «Неге параволейболмен айналыспайсын? Бойың ұзын және дене бітімің де сай келеді. Осы спорт саған жақсы келер еді», - деп сұрағанда, ондай спорттын бар екенін де білмеппін. Сол жолы Арыстан ағай: «Атыраулық команданың бапкері Бауыржан Тахауов – параволейболдан еліміздегі ең мықты жаттықтырушы. Солардың қатарында ойнасан жақсы болар еді», – деген тілегін білдірген.

Сол жылы паралимпиадалық спорт түрлерінен спартакиада өткізілген еді. Мен Шымкент қаласының параволейболшыларының қатарында қатыстым. Жарыс алдында тек бір-екі рет жаттығып үлгергенмін, дегенмен жақсы ойнап шықтым. Осы жарыста мені Бауыржан ағай өзі байқап, атыраулық командаға шақырды. Бұл мүмкіндікке қуана келісіп, бір айдан соң отбасыммен Атырауға көшіп кеттім. Содан бері, міне, он жылдан астам уақыт өтті, команда мүшелерімен бір отбасы болып кеттік. 

Спорт өмірімді 180 градусқа өзгертті - параволейболшы

Командаңыз туралы айтып берінізші. Сіздің ойыңызша, командалық спорттың қандай ерекшеліктері бар? 

Командалық спорттың ең басты ерекшелігі – спортшылардың бір-біріне қолдау көрсетуінде. Кейде ойының шықпай тұрғанда, команда мүшелері мықты қолдау көрсетіп, сабырға шақырып, жақсы ойнауға септігін тигізеді.

Біздің команда жайлы айтатын болсам, ойын барысында көп эмоцияға беріліп кететініміз бар. Бір-біріне айқайлап, ұрсып та алады. Бірақ жұмыстан тыс өте тығыз араласамыз. Жігіттердің бір-біріне деген сыйластығы мол. Әрқайсысының өзінің командада орны бөлек. Мысалы, Берік деген спортшымыз бар командада. Ол өз ісінің маманы, әрі әзілге жақын. Ол әрдайым командаға позитив сыйлап жүреді. Оған қоса, ұлттық құрамамызда қызылордалық спортшы Ерік Қасқабаев бар. Ол кісінің әр сөйлегені бізге мотивация. Жалпы, командам туралы айта берсем, шегі болмайды. Барлығы елім, жерім деп тұрған өз елінің патриоттары, өз спортының хас шеберлері. 

Спорт өмірімді 180 градусқа өзгертті - параволейболшы

Сіздер командамен жарыстарда ел аралап жүресіздер. Отбасыңыздан алыс жүру қиын емеспе?

Үш ұлым және бір қызым бар. Үлкенім бұйырса 9-ға, ал кішкентайым 1-ге толды. Жасыратыны жоқ, балаларымның қасында мен көп болмаймын. Олар көбінесе анасымен қалады. Үйде болған уақытта балаларыма көп көңіл бөлуге тырысамын.Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет, адамгершілік секілді қасиеттерді дәріптеуге үлкен назар аударам. Мен үшін балаларымның тәрбиесі мен білімі бірінші орында тұрады. Ағы мен қарасы қатар жүретін осы өмірде балаларым өз орындарын тапқанын қалаймын.

Ал менің басты қолдаушым, жанкүйерім – менің жарым. Осы орайды пайдаланып, әрдайым жанымнан табылатын жарыма алғыс айтқым келеді.

Спорт өмірімді 180 градусқа өзгертті - параволейболшы

Спорт өміріңізге қалай әсер етті? Өміріңізді өзгертті дейсіз бе?

Спорт менің өмірімді 180 градусқа өзгертті десем де, артық айтқаным емес. Алдында айтып кеткендей, командаға қосылу үшін басқа қалаға көштім. Келген бойда бір-екі апта дайындалып, Ресейге жарысқа кеттім. Содан бері талай мемлекеттерді араладым. Қазіргі таңда тек қазақстандық емес, шетелдік достарым да пайда болды. 

Өзімде болған бір қызықты жайтты айта кетейін. Қай жарыста екені есімде жоқ, бірақ ойын барысында Хорватияның ойыншысы менің ойыныма риза болып, өзінің жейдесін сыйлаған болатын. Онымен әлі күнге дейін араласып тұрамыз.  

Негізі спорт өзінің потенциалыңды ашуға, өзіне деген сенімділігінді арттыруға мықты әсер етеді. 

Қазіргі басты мақсатыңыз қандай? 

Биыл Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына толыққанды дайындалып, бар күш-жігерімізді салып, еліміздің көк байрағын биікке көтеру! 

Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы