Спорт федерациясына басшы олигархтар спортты дамытуға емес, бюджет қаржысын игеруге әуес – депутат

1 Қыркүйек 2021, 16:30
7198
Бөлісу:
Спорт федерациясына басшы олигархтар спортты дамытуға емес, бюджет қаржысын игеруге әуес – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.

Токиодағы Олимпиада ойындары Қазақстанның спорт саласындағы жүйелі проблемаларын ашып берді. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі спортты дамыту мәселесіне өзінің алаңдаушылығын білдірді. Біздің спорт саласында қарама-қайшылықтар өте көп. Кейбір спорт объектілеріне ағыл-тегіл қаржы бөлінген. Мысалы, Щучинскідегі шаңғы трамплиніне 38 млрд теңге жұмсалған. Спорттық нәтиже жоқ, - деп айтты депутат.

Оның сөзінше, 2021 жылғы жоғарғы жетістік спортына 47 млрд-тан астам теңге бөлінсе, бұқаралық спорттың дамуына бар-жоғы 2 млрд теңге бөлінген.

Балалар мен жасөспірім спорт мектептері мен жаттықтырушыларың материалдық-техникалық мүшкіл жағдайы, ел ішінде жасөспірімдер арасында жарыстардың болмауы, балалар мен жастар спортын қолдаудың жүйесінің жоқтығы спорт жетістіктерінің басты тежегіші. Спорт федерациясына басшы болған олигархтар спортты дамытуға емес, бюджет қаржысын игеруге әуес. Квалификациясы жоғары ұлттық жаттықтырушылар базасын жасамай, есесіне легионерлерге, пайдасы жоқ кәсіпқой клубтарға миллиардтарды төгіп жатырмыз, - деді ол.

Саиров депутаттар аймақтарға барғанда халық осы мәселені көтергенін айтты. Ол Nur Otan фракциясы спорт саласына түбегейлі реформа қажет деп есептейтінін жеткізді.

Қазақстанның спорт саласы еліміздің ішкі ұлттық адами капиталын дамытуға бағытталуы тиіс. Яғни ауыл, аймақтарда балалардың жаппай спортпен айналысуы үшін жағдай жасау керек. Ол үшін мектебі бар барлық ауылда заман талабына сай спорт залдарын салу маңызды. Облыстық әкімдіктер облыстық бұқаралық спорт жарыстарын көптеп ұйымдастырулары керек, - деп атап өтті Ерлан Саиров.

Жаттықтырушылардың кәсіби деңгейін арттыра отырып, әр түрлі озық халықаралық мектептермен тәжірибе алмасуды жолға қою маңызды екенін алға тартты.

Өзгелердің жаңалығы