"Созылмалы мәселеге айналды": Қоқысқа қатысты маңызды өзгеріс ұсынылды

Мәжілісте қоқыс полигондары мен тұрмыстық қалдық тарифтерін басқару өкілетін әкімдіктерге беру ұсынылды

Бүгiн 2026, 09:57
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев Бүгiн 2026, 09:57
Бүгiн 2026, 09:57
119
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Мәжілісте қаралып жатқан экологиялық мәселелер жөніндегі заң жобасы аясында заңсыз қоқыс орындарын жою және қалдықтарды басқару жүйесін өзгерту ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы депутат Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында айтты.

Оның сөзінше, заңсыз қоқыс орындары бүгінде көптеген өңір үшін созылмалы мәселеге айналған.

Қазіргі таңда оларды жою тетігі нақты айқындалмаған, – деді депутат.

Сонымен қатар Еділ Жаңбыршин қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты шекті тарифтер қазір орталық деңгейде бекітілетінін атап өтті.

Алайда мұндай тәсіл өңірлердің инфрақұрылымдық және логистикалық ерекшеліктерін толық ескермейді.

Депутаттың айтуынша, бұл жағдай мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын дамытуға да кедергі келтіріп отыр.

Осыған байланысты заң жобасында заңсыз қоқыс орындарын жоюды ұйымдастыру міндетін аудан және қала әкімдіктеріне беру ұсынылған.

Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, көму бойынша шекті тарифтерді бекіту құзыретін де жергілікті атқарушы органдарға беру көзделіп отыр.

Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, бұл өзгерістер өңірлердің нақты ерекшеліктерін ескеруге, қалдықтарды басқару жүйесінің экономикалық тиімділігін арттыруға, саланың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Еске салсақ, бұған дейін депутат Қазақстанда жыл сайын 4 млн тонна зиянды зат ауаға тарайтынын айтты.

Сондай-ақ, Еділ Жаңбыршин атап өткендей, енді барлық экологиялық ақпарат бір базаға жиналады.

Наверх