Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин экологиялық мәселелерге арналған заң жобасын таныстыру барысында Қазақстандағы экологиялық ахуалға қатысты алаңдатарлық статистиканы жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, экология бүгінде тар шеңбердегі мәселе емес, азаматтардың өмір сапасына, халық денсаулығына, инвестициялық тартымдылық пен ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін стратегиялық бағытқа айналған.
Депутаттың мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда шешімін толық таппаған бірқатар күрделі экологиялық проблема бар.
Уәкілетті орган дерегіне сәйкес:
- елімізде жыл сайын атмосфераға шамамен 4 миллион тонна ластаушы зат шығарылады;
- қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі жылына 5 миллион тоннаға жетеді;
- экологиялық проблемалы нысандар саны 1580-ді құрайды.
Сонымен қатар елдегі 2700-ден астам полигонның тек 20 пайызы ғана санитарлық талаптарға сәйкес келеді.
EPI-2024 Экологиялық тиімділік индексі бойынша Қазақстан қалдықтарды басқару бағытында 180 елдің ішінде 99-орында тұр, - деді депутат.
Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдына 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, экологиялық тұрақты дамуды қамтамасыз ету, орман алқаптарын көбейту және елді мекендерді көгалдандыру бойынша ауқымды міндеттер қойғанын атап өтті.
Бұл – жай ғана экологиялық ұран емес. Бұл – Қазақстанның жаңа экономикалық даму моделінің негізі, – деп айтты Жаңбыршин.
Оның айтуынша, бұл мақсаттарды іске асыру үшін заманауи әрі тиімді заңнамалық база қажет.
Осыған байланысты жаңа заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленген.