Созақ мәдениеті мен өнерін көтеруді таңдаған жас маман

12 Ақпан 2023, 18:15
4748
Бөлісу:
Созақ мәдениеті мен өнерін көтеруді таңдаған жас маман
Фото: Айдос Әлқуаттың архивінен

Түркістан облысында үлкен өнер шаңырағын бітіріп келсе де орталыққа ұмтылмай, керісінше туған жерінде қалып, ел қатарлы еңбек етіп жүрген қарапайым жандар көп, деп хабарлайды аймақтағы BAQ.KZ тілшісі. 

Біз оларды еңбек адамы немесе кіндік кескен өз өлкесіне адал әрі ғашық перзенттер десек те жарасады. Сондай кейіпкеріміздің бірі – әнші Айдос Әлқуат Созақ ауданы Мыңжылқы мәдениет сарайының қызметкері. Оның 2010 жылдан 2022 жылға дейін түрлі байқаулардан алған алғыс хаттары мен марапаттары бір төбе. Біз Айдоспен жолығып, шалғайдағы мәдениеттің жағдайын сұрастырған болатынбыз. 

Айдос, сені облыста өтетін мәдени іс-шаралардан жиі көреміз. Өзіңе тән қоңыр дауысың бар, орындаушылығың да шебер. Өнер адамына қажетті барлық талап бір бойыңнан табылады. Неге ірі қалалар Астана, Алматы, тіпті Түркістан да емес, сонау шалғайдағы Созақ жерін таңдадың? Созақта қызмет етуіңе не түрткі болды? 

– Себебі, мен осында қазыналы қарт Қаратаудың баурайында жатқан сырлы да шежірелі Созақ жерінде дүниеге келдім, кіндік қаным тамған жер Созақ өлкесі. Әрине, сіз айтқандай үлкен қалаларда Астана, Алматы тіпті мынау Шымкент пен Түркістан қалаларында да жұмыс істеуге болады. Еңбек жолымды 2014-2016 жылдар аралығында Созақ ауданы әкімдігіне қарасты аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында жұмыс істеуден бастадым. 2016 жылы білімімді одан әрі жетілдіру үшін Алматы қаласындағы Қазақ өнерінің қа­ра­­­­ шаңырағы кәсіби өнер майталмандарын дайындайтын, көптің қолы жете бермейтін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстім. 2020 жылы аталған оқу орнын «Эстрада солист-вокалисі және эстрадалық вокал оқытушысы» мамандығы бойынша үздік тәмамдадым. Осы оқу орнында жүргенде аға оқытушы, өнер магистрі, кәсіби вокал маманы, әнші Меруерт Жақсыбекқызының көп қолдауын көрдім. 2018-2020 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Қайрат Нұртас өнер мектебінде вокал оқытушысы, сонымен қатар Алматы технологиялық университетінің «ATU music» вокал үйірмесінде студенттерге өзім студент болсам да вокалдан сабақ бере жүріп, білімімді шыңдай түстім.

Созақ мәдениеті мен өнерін көтеруді таңдаған жас маман

Өзіңіз ойлап қараңызшы, сондай үлкен оқу орнын бітірген соң бәріміз үлкен мегаполистерде қала берсек не болады? Мына шалғайдағы біздің ауданымыздың оның ішінде ауылымыздың да мәдениеті мен өнерін дамытатын адамдар керек қой. Біздің ауданымызды білесіз, киелі жер. Жазушы М.Әуезов атамыздың өзі «Созаққа барсаң күйшімін деме» деп айтып кеткен. Созақ жерінен қаншама күйшілер, дарынды композиторлар, әншілер шыққан. Сол аға-апаларымыздың жолын жалғап, осында өзім туып-өскен елдің мәдениеті мен өнеріне титтей де болсын үлесімді қоссам деп келдім, сондай арманым болғандықтан, оқуды бітіре сала осында келдім. Оның үстіне аудан басшылығынан да ұсыныстар болды. «Осы өңірдің азаматысың, ауылды көркейтуге еңбек етсең» деген еді, сол ұсыныстарды қабыл алып, бүгінде Созақ аудандық «Мыңжылқы» Мәдениет сарайында қызмет етіп жатырмын. 

– Басқа салаға ауысуға мүмкіндік болса кетер ме едің?

– Алматыда Жүргеновте оқып жүріп, жұмыс істедім, тәжірибе жинадым. Сол оқыған білімімді, тәжірибемді ауыл балаларына вокалдан шәкірт тәрбиелеп, ауданның руханиятының жандануына кішкене болса да үлес қосып жүрмін. Сондықтан басқа салаға ауысуға мүмкіндік болса кетем деп айта алмаймын. Бала күнімде-ақ өзімнің шығармашылық адам екенімді түсіндім және осы саланы түбегейлі таңдадым. Сондықтан басқа салаға кету ойда жоқ. 

Созақ мәдениеті мен өнерін көтеруді таңдаған жас маман

– Жалпы, өңірлерде руханият пен мәдениетке қатысты қандай мәселелер барын байқадың? 

 – Бар деп айта алмаймын. Мен Созақ халық театрының мүшесімін. Мұнда түрлі концерттік іс-шаралар, аудандық байқаулар ұйымдастырып жатырмыз. Ауданда көп жыл мәдениет пен өнер саласында қызмет істеген, қазіргі таңда зейнетін көріп отырған аға-апаларымыз бар, сол кісілердің қолдауы мен үлкендердің, зиялы қауым өкілдерінің берген батасымен жүрміз. Қазіргі кезде ауыл мәдениетін көтеру үшін түрлі жаңаша байқаулар ұйымдастырылуда. Айталық, жанды дауыстағы концерттер. Соның бәрі Түркістан облыстық мәдениет басқармасының, облыстық Мәдениет халық шығармашылығы орталығының қолдауымен жүргізіліп жатыр. Өз кезегінде біз де ауданнан жас талант иелерін анықтап, оларды қолдау мақсатында аудандық, облыстық және республикалық байқаулар мен концерттерге қатысуына ықпал етіп, көмек көрсетудеміз. 

– Театр ғимараты қандай, оған жөндеу жүргізілген бе, жылу мәселесі қалай?

– Бізде театрға арналған арнайы ғимарат жоқ, Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында «Мыңжылқы» мәдениет сарайында Созақ халық театры жұмыс істейді. Түрлі қойылымдар қойылады. Жыл сайын облыста өтетін театр фестивальдеріне қатысамыз, бірнеше рет арнайы алғыс хаттармен марапатталдық. Жылу мәселесі жақсы, сахнасы 550 орындық. Көптеген ауылдарда Мәдениет сарайы да жоқ, ал бізде бар. 

Созақ мәдениеті мен өнерін көтеруді таңдаған жас маман

Ұжымға жас таланттар шақырылып жата ма? Жалпы, жастар келгісі келе ме аудан орталықтарына?

– Есімде кішкентай кезімізде арнайы өнер саласын оқып бітіріп келген мамандар сирек болатын. Өзіңіз білесіз ауылдық жерлерде айлық мәселесі өте аз еді. Домбыра тартатын, ән айта алатын аға-апаларымыз құдайдың берген табиғи талантының арқасында жұмыс істеді. Ал қазір арнайы өнер саласын оқып келген, дипломы бар қызметкерлер баршылық, оның бірі өзім. Көбі менен жаңа сіз сұрағандай неге ауылда жұмыс істеп жүрсің деп сұрайды. Мұнда бір мен ғана емес, өзінің мамандығын сүйетін қыз-жігіттер көп. Атап айтсам, Астанада Шабыт университетін оның колледжін бітірген қыз бар, Шымкент қаласында саз колледжін бітірген жігіттер бар. Ұжымға жас таланттар шақырылып, жұмыс істеуде. Қазір мәдениет қызметкерлерінің жылдан жылға айлықтары өсіп жатыр. Жалақы мәселесі өте жақсы, себебі Созақ өңірі экологиялық аймаққа жататындықтан, басқа аудандар мен қалаларға қарағанда жоғары жүреді. Биыл да айлығымызға 25 пайыз қосылды. Сондықтан жағдайымыз жақсы деп айтсақ болады. Жастарды ауданға тарту, қызықтыру мақсатында түрлі сайыстар мен іс-шаралар, еркін тақырыптағы және ресми мерекелік думанды кештер көптеп ұйымдастырылады.  

– Созақ халық театры туралы қысқаша айта кетсең, репертуарлар қаншалықты жаңартылады? Жергілікті жұрт спектакль көруге келе ме?

– Біздің театрдың репертуарында ауданнан шыққан драматург Байділдә Айдарбеков ағамыздың қойылымдары бар. Дәл қазір біздің өнер шаңырағында «Бір түп алма ағашы» атты қойылымның дайындығы жүріп жатыр. Әр жылы Созақ халық театрының репертуары жаңарып отырады. Оның арасында мерекелік концерттер мен мәдени іс-шаралар, қысқа қойылымдарды шығарып тұрамыз. 

Созақ мәдениеті мен өнерін көтеруді таңдаған жас маман

– Жалпы, аудан, ауыл мәдениетін, руханиятын көтеру үшін қандай іс-шаралар атқарылу керек? Аудан немесе облыс әкімдігіне жеткізетін ұсыныстарың бар ма?

– Ең біріншіден, жастарды көптеп тартып, қолдауымыз керек. Тегін үйірмелер ашып жан-жақты қолдау қажет. Аудан орталығында Ахмет Жұбанов атындағы Созақ балалар саз мектебі бар, онда домбыра, баян, фортепиано т.б. түрлі аспаптарда ойнауды үйретеді. Мыңжылқы мәдениет сарайында да үйірмелер бар. Алайда кабинет тапшылығы сезіледі. Осы үйірмелерге кабинет көп болса, түрлі дайындықтар жүріп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Әрине бәрі бірден бола бермесі анық, келіп жатқан жас балаларды мүмкіндігінше байқауға қатыстырып, үйретіп шығаруға атсалысып жатырмыз. 

– Өнер адамдары лайықты бағаланып жүр ме? Ауданда баспана мәселесі қалай?

– Біздің Созақ ауданы Түркістан облысы бойынша алдыңғы қатарда тұр десем қателеспеймін. Себебі, аймақта өтетін түрлі іс-шараларға біздің өнерпаздар да қатысып, өнер көрсетіп жүр. Сондай-ақ, облысымыздың атынан түрлі республикалық байқауларға шығып жатырмыз, оның ішінде өзім де бармын. Мәселен, былтыр Қызылорда облысында өткен Роза Бағланова апамыздың 100 жылдығына орай өткізілген «Ақмаңдайлым» республикалық конкурсына қатыстым. Жалпы, ауданның ғана емес, Түркістанның да намысын қорғап жүрміз. Өнер адамдары лайықты бағасын алып жүр деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, жоғары басшылықтан өнер адамына қажет қошемет пен ықыласқа бөленіп жатырмыз. Мереке сайын өнер және мәдениет қызметкерлері алғыс хаттармен марапатталып жатыр. 

– Шығармашылығыңа, жоспарларыңа тоқтала кетсең.

– Көптеген авторлық әндерім бар, алайда демеуші жағы кішкене ақсап тұр. Ән жазу да оңай емес, сапалы дүние шығару үшін біраз қаражат шығаруға тура келеді. Былтыр «Қалай ғана?» атты бір әнімді жазып шығарғанмын. Әні Қуат Әбіловтікі, сөзін жазған Дулат Құйқастікі. Осы әнімді өнер академиясындағы ұстазым, санаулы вокалист маман Меруерт Мүсірәлі жарыққа шығаруға көмектесті. Тыңдаушылар үшін ол  әнімді ютубқа жүктеп қойғанмын. Одан басқа да біраз ақындармен келіскен, алайда жазылмай тұрған бірнеше әндерім бар. Аранжировка жағынан алдағы уақытта жұмыс жасалынады. Биыл Созақ ауданына 95 жыл толады, сол себепті қазір жоспарымызда түрлі тығыз іс-шаралар мен байқаулар тұр. Алдағы жоспарларды абыроймен өткізіп алсақ дегене ниеттеміз. Тағы да бір жоспарымыз, ауданға тың дүниелерді алып келу, яғни үлкен қалаларда өтетін мәдени іс-шаралар мен концерттерді ауданда да өткізу секілді байқаулар кезекте тұр. Ауданда «Әділбектің әндері-ай!» атты ән байқауы мен «Күй құдіреті» атты облыстық күйшілер байқауы өтіп тұрады. Бұрын «Теріскей таланттары» деген атпен өтетін байқауды биыл жаңартып «Созақ таланттары» деп өткізбекпіз. Мақсатымыз – тасада қалған жаңа таланттарды танытып, оларды облыстық, республикалық деңгейге шығару. Себебі, шәкірт тәрбиелеу оңай жұмыс емес. Ауданымыздан жарқ етіп жас таланттар шықса қуанамыз. Мысалы, маған мектепте оқитын оқушылар Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына түсу арманым деп келеді. Солардың жүрегіне от жаға алсам дегеніме жеткенім деп ойлаймын. 

-Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы