Советтік режимге қарсы бас көтерген қазақ қаһармандары жайлы кітап шықты

26 Желтоқсан 2019, 14:36
3786
Бөлісу:
Советтік режимге қарсы бас көтерген қазақ қаһармандары жайлы кітап шықты
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелдінің "Я себя совершенно не признаю виновным!" атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталған жинаққа 1960-1980 жылдары Советтік режимге қарсы шыққан адамдар жайлы деректер енген. Олардың көбі кезіндегі КСРО Бас прокуратурасының, қазіргі Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі архивінде сақталған құжаттар екен.

 Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы архивтерінде сақталған деректер де тыс қалмаған.

Бұл кітапқа Махмет Құлмағамбет, Қожан Ахметов жайлы деректер енді. Ресей архивінде осы екі кісі жайлы дерек өте көп жиналыпты. Мәскеуде Азамат Жақыбаевқа қатысты құжаттар бар екен, алайда оны бермеді. Бірақ осы уақытқа дейін жабық болған өзге құжаттарды берді, - дейді тарихшы.
IMG_20191226_112154.jpg

Тарихшының айтуынша, былтыр қысқа қарай профессор Бауыржан Жангуттин екеуі Мәскеуге барып, архивте жұмыс істеген. Ресей мемлекеттік архивінің директорына кіріп осындай материалдарды алуға көмектесуін өтініп, рұқсатын алған. 

Архивте сонау Міржақып, Байтұрсыновтардың деректері бәрі сақталған. Біз 1960-1980 жылдары Советтік үкіметке қарсы шыққан жандарға қатысты дерек іздедік. Шындық қашанда айтылу керек. Ресейліктер қазақтар Советтік жүйеге ешқашан қарсылық танытқан жоқ дейді. Қазақстан Одақтың ыдырауына қарсы болды деп жазады. 1960-1980 жылдардағы бұл құжаттар бізде де орталық жүйеге қарсы наразылық болғанын көрсетеді. Қазақстанда азаматтық қозғалыс болды, Тәуелсіздік үшін қозғалыс еш уақытта тоқтаған емес. Махмет Құлмағамбетті кезінде үлкен айқай-шумен Советтер одағынан шығарып салды. Ол кісі Батыс елінде жүріп қайтыс болды. "Я себя совершенно не признаю виновным!" деген сол кісінің сотта айтқан сөзі, - дейді М. Қойгелді.
IMG_20191226_105816.jpg

Сонымен қатар, ол Қасым Қожахметовке қатысты іс өте көп жиналғанын, тіптен ол кісінің қазақша шыққан мақалаларының бәрі орыс тіліне аударылып іске қосылғанын атап өтті.

"Қазір бұл қозғалыстың жалғыз кейіпкері ғана, яғни Қасым Қожахметов арамызда жүр. Қолда барда алтынның қадірі жоқ дейді" қазақ. Өзім бұл кісінің азаматтығына, қайсарлығына, ержүректігіне бас иемін, - дейді ол.
IMG_20191226_122006.jpg

Тарихшы Бейбіт Қойшыбаев мұндай еңбектер Тәуелсіз елдің азаматтарын тәрбиелеу үшін қажет екенін айтады.

Тәуелсіз елімізді шын мәнінде мәңгілік ету үшін жас ұрпақты тәрбиелеу керек және тарихтың беймәлім парақтарын ашып ұсыну керек. Бұл тұрғыда Мәмбет Қойгелдінің атқарған еңбегі зор. Бұл кісі Алаш қозғалысының әр кезеңдерін жақсы зерттеп жүрген адам. Бүгінгі жинағына Мәскеу архивінен алынған құжаттар енген, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы