Сотталғандар үшін ашық қабылдау өтті

12 Мамыр 2023, 12:50
660
Бөлісу:
Сотталғандар үшін ашық қабылдау өтті
Фото: автордан

Ертіс өңіріндегі түзеу мекемелерінде сотталғандар үшін ашық қабылдау шаралары өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Қауіпсіздігі орташа №45 түзеу мекемесінде өткен шараға жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері, жеке сот орындаушысы, нотариус маманы, сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері келді.

Бас бостандығынан айырылған азаматтар құқықтық, әлеуметтік қолдауға ие. Олар да ел қатарлы өз мәселелерін шешу үшін түрлі мемлекеттік кқұрылымдарға хат жазып, өтініштерін білдіреді. Кей кездері хат алмасу бірнеше айға созылып кетеді. Осындай ұзақмерзімді процедураларды болдырмау үшін тегін қабылдау күнін өткізіп, әр саланың мамандарын шақырдық. Мемлекеттік органдар біздің ұсынысымызды қабылдап, уақыт бөлгендеріне қуаныштымыз, - дейді түзеу мекемесінің бастығы Қуаныш Койчубаев.

Сотталушылар тарапынан мұрагерлікті рәсімдеу, құжаттарды әзірлеу, айыппұлдарды өтеу сияқты мәселелер бойынша маман кеңесін тыңдады.

Мен 32 жастамын. Жеке құжаттарымның ішінде тек туу туралы куәлігім бар. Құжатты дер кезінде жасағым келмей, уақыт өткізіп алдым. Осында түскен соң мүлдем мүмкіндік болмай қалды. Алайда, сала мамандарының көмегіне жүгіндім. Енді жеке куәлігім бар. Жазамды өтеген соң жұмысқа орналасу үшін құжаттар керек қой, - дейді сотталушылардың бірі.

Айта кетейік, осы форматтағы шара алғаш рет өтті. Мамандардың кеңесін алуға 50-ге жуық сотталушы келген.

Өзгелердің жаңалығы