Сотталған азаматты жұмысқа қабылдаған бұрынғы аудан әкіміне айыппұл салынды

11 Маусым 2019, 09:37
1962
Бөлісу:
Сотталған азаматты жұмысқа қабылдаған бұрынғы аудан әкіміне айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті 2019 жылдың 27-28 желтоқсанында «Маңғыстау ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде жоспардан тыс тексеру жүргізді.

«Тексеру нәтижесімен, Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық соты ӘҚБтК-нің 681-бабында (мемлекеттік органдар, мекемелер мен кәсіпорындар басшысының не ұлттық компаниялар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттары, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдары басшысының бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдауы) көзделген құқықбұзушылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылған бұрынғы Маңғыстау ауданыныңы әкімі Ж. Айтуаровқа қатысты әкімшілік істі қарады», - делінген хабарламада.

Ж. Айтуаров Маңғыстау ауданының әкімі қызметін атқарып жүріп, 2018 жылдың 7 маусымында №12 ө/жқ өкімімен «Маңғыстау жылу, су» МКК директоры қызметіне бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған азамат Е. Куйкішовты жұмысқа қабылдаған.

«Сот қаулысымен Ж. Айтуаров ӘҚБтК-нің 681-бабында көзделген құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 100 АЕК мөлшерінде, яғни 252 500 теңге көлемінде айыппұл салынды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, жұмысқа заңсыз қабылданған азамат Е. Куйкішов Маңғыстау аудандық прокуратурасының 2019 жылғы 9 қаңтардағы №2-1105-190034 наразылығы негізінде жұмыстан босатылды.

Апелляциялық инстанция аудандық соттың шешімін күшінде қалдырды.

Өзгелердің жаңалығы