Сотталған әйелдерге баласын 4 жасқа дейін колонияда қалдыруға рұқсат беру қарастырылып жатыр

9 Наурыз 2023, 11:19
1112
Бөлісу:
Сотталған әйелдерге баласын 4 жасқа дейін колонияда қалдыруға рұқсат беру қарастырылып жатыр
Фото: azattyq-ruhy.kz

Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сенатта «Қылмыстық сот ісін жүргізу, жаза атқару саласындағы адам құқықтары, сондай-ақ азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттердің алдын алу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. 

Қылмыстық-атқару кодексінде сотталған әйелдердің балаларымен үш жасқа толғанға дейін колонияларда болуы көзделген. Елімізде осындай 1 колония бар. Ол Алматы облысының Жауғашты кентінде орналасқан. Онда барлық жағдайлар жасалған. Бүлдіршіндер Балалар үйіне орналастырылады. Әйелдер олармен шектеусіз, жұмыстан бос уақытта көріседі. Алайда үш жасқа толғаннан кейін балалар жақын туыстарына немесе балалар үйлеріне беріледі, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Айта кетерлігі, балаларды жақын туыстарына беру немесе балалар үйлеріне орналастыруға жауапты ведомство – Денсаулық сақтау министрлігі. 

Әлеуметтік байланыстарды сақтау мақсатында сотталған әйелдерге, егер аналардың босатылуына дейін бір жылдан аз уақыт қалса, 4 жасқа дейінгі балаларды қалдыруға мүмкіндік беретін норма көзделеді. Сондай-ақ Қылмыстық кодекске бөлек ұстауды көздейтін түзетулер енгізу ұсынылады. Алғаш рет бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтейтін болады. Бұрын сотталғандар – қауіпсіздігі барынша  жоғары колонияларда (қатаң режим) ұсталатын болады. Осыған байланысты мекемелерді біртіндеп қайта бейіндеу есебінен, бұндай мекемелердің саны 12-ні құрайтын болады, - деді Марат Ахметжанов. 

Министрдің айтуынша, бұл жағдайда барлық өңірлерде 2 типті колониялар болады.

Бұл 2 мыңнан астам сотталғанның тұрғылықты жері бойынша жазасын өтеу және әлеуметтік-пайдалы байланыстарын қолдау құқығын іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл құқықтық тәртіпті қалыптастыруға тәрбиелік ықпал ету шараларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. 

Осы ретте елде өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандарды ұстауға арналған 1 мекеме қалады. Ол – Жітіқара қаласындағы төтенше қауіпсіз мекеме. Онда бөлек ұстау режимі болмайды, - дейді министр. 

Өзгелердің жаңалығы