Сот орындаушылар шотыңызды бұғаттап тастаса не істеу керек?

26 Қараша 2021, 12:30
2508
Бөлісу:
Сот орындаушылар шотыңызды бұғаттап тастаса не істеу керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік кірістер комитетінде жеке сот орындаушыларына алымды төлеу есебінен борыштың ұлғаюын болдырмау үшін және берешекті мәжбүрлеп өндіріп алуға байланысты қолайсыздыққа тап болмас үшін азаматтарға салық қарыздарын төлеуге кеңес берді.


2021 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша жеке тұлғалардың меншіктегі жылжымайтын мүлік бойынша салық берешегінің сомасы 3,2 млрд теңгені құрады, оның ішінде:

- мүлік салығы бойынша – 2,9 млрд теңге (756 мың борышкер);
- жер салығы бойынша – 0,3 млрд теңге (159 мың борышкер).

Борышкерлердің саны ең көп қалалардың көшін бастап тұрғандар: Шымкент қаласы – 602,5 млн. теңге жалпы берешегі бар 65 мың жеке тұлға, Алматы қаласы – 628,6 млн теңге жалпы берешегі бар 58 мың жеке тұлға және Нұр-Сұлтан қаласы – 438,1 млн теңге жалпы берешегі бар 38 мың жеке тұлға.

2020 жылға мүлік салығын төлеу мерзімі 2021 жылдың 1 қазанында аяқталды, содан кейін салық органдары борышкерлерге салық берешегі туралы хабарлама жіберген болатын.

Салық берешегі туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күні өткен соң 1 еселенген айлық есептік көрсеткіш (2917 теңге) мөлшерінде салық берешегі төленбеген жағдайда, салық органы салық бұйрығын шығарады.
Ағымдағы жылдың 18 қарашасынан бастап мүлік салығы мен жер салығы бойынша салық берешегін өтемеген жеке тұлғаларға берешек сомаларын мәжбүрлеп өндіріп алу туралы тиісті салық бұйрықтары жіберілді, - деп хабарлады Кірістер комитеті.

Салық бұйрығы табыс етілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде берешек өтелмеген жағдайда, тиісті салық бұйрығы жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алуға жіберіледі.

Сонымен бірге, шоттарды бұғаттаудан туындаған қолайсыздықтар туралы айтпағанда, жеке сот орындаушылары берешек сомасынан басқа қосымша жеке тұлғалардан салық берешегі сомасының 25%-на дейін өндіріп алатынын ескерген жөн.

Осыған байланысты, жеке сот орындаушыларына алымды төлеу және берешекті мәжбүрлеп өндіріп алуға байланысты қолайсыздықтарды төлеу есебінен борыштың ұлғаюын болдырмау үшін азаматтарға салық қарыздарын төлеуді және алдағы уақытта да мемлекет алдындағы өздерінің салық міндеттемелерін уақытылы орындауға кеңес береді.

Салықтық берешегінің бар-жоғын e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы (AppStore, PlayMarket) арқылы тексеруге болады.

Өзгелердің жаңалығы