Соңғы үш жылда алматылық кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілді?

22 Қыркүйек 2023, 16:31
595
Бөлісу:
Соңғы үш жылда алматылық кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілді?
Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив

Статистикаға сүйенсек, тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Сәйкесінше, шаһарда түрлі кәсіпті меңгеріп, қаланың дамуына үлес қосып отырған азаматтар көп. Бұл ретте BAQ.KZ тілшісі Алматының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына ресми сауал жолдап, кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетілетін білді.

Қанша тұрғын 10 жылда кәсіпкерлікке бет бұрды?

Қаладағы бизнеске көрсетілетін қолдаудан бұрын қазір республика бойынша және қалада жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілеріне көз жүгіртіп, 10 жылда қандай өзгеріс болғанын зерделеп көрейік. 

Ұлттық статистика бюросы мәліметіне сәйкес, елімізде 2012 жылы 809 750 ШОБ субъектісі өз қызметін жүзеге асырған. Оның ішінде шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны - 62 888, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны - 8 388, дара кәсіпкерлер саны - 573 618, шаруа немесе фермер қожалықтарының саны - 164 856. Енді Алматыдағы 2012 жылғы нақты көрсеткіштерге келер болсақ, барлығы 102 173 ШОБ субъектісі бар. Оның ішінде шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны - 13 987, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны – 2 285, дара кәсіпкерлер саны - 85 895, шаруа немесе фермер қожалықтарының саны - 6.

Енді 2022 жылғы көрсеткіштердің қандай болғанына назар аударайық. Былтыр республика бойынша 1 818 764 ШОБ субъектісі өз қызметін жүзеге асырған. Оның ішінде шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны - 340 584, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны - 2 924, дара кәсіпкерлер саны - 1 234 536, шаруа немесе фермер қожалықтарының саны - 240 720. Ал Алматыдағы былтырғы көрсеткіштерге көшсек, қалада барлығы 292 734 ШОБ субъектісі болған. Оның ішінде шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны - 96 852, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны – 795, дара кәсіпкерлер саны - 192 978, шаруа немесе фермер қожалықтарының саны - 2 109.

Көріп отырғандарыңыздай, он жылда қаланың бизнес саласында елеулі өзгерістер болған. Мәселен ШОБ субъектілері саны шамамен 200 мыңға көбейген. Ал шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар саны шамамен 86 мыңға артқан. Бұдан бөлек дара кәсіпкерлер санында айтарлықтай өсім байқалады. Он жылда дара кәсіпкерлер саны шамамен 100 мыңға артқанын байқауға болады. Дәл сол сияқты шаруа немесе фермер қожалықтарының саны да өскен. Он жыл бұрын 6 қожалық тіркелсе, 2022 жылы оның саны 2 мыңға бірден көтерілген.

Қазір Алматыда қанша ШОБ субъектісі бар?

Алматының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы бизнесті қолдаудың мемлекеттік шараларын көрсету бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соның арқасында алматылық кәсіпкерлер қаржылай және қаржылай емес қолдау құралдарының кең жиынтығымен қамтылған.

Басқарма мәліметінше, 2023 жылы қалада 860 мың алматылық шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Яғни шағын және орта бизнеске халықтың 83 пайызы жұмылдырылған. Биыл қалада 380 000 шағын және орта бизнес өз жұмысын жүргізіп келеді.

Соңғы 3 жылда кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілді?

2021 жылдан бастап 2023 жылдың жеті айын қоса алғанда кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың біршама шаралары көрсетілді. Атап айтқанда өңірлік бағдарламалар шеңберінде 422 жоба бойынша 19,3 млрд теңгеден астам сомада жеңілдетілген несие берілді. Оның ішінде кепілдікті несие 500 млн теңгеге дейін, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыз. Бұдан бөлек - 6 млн теңгеге дейін кепілдіксіз несие берілді. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 12%-ға тең болды, - дейді басқарма мамандары.

3 жылда кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасының шеңберінде:

1) 326,1 млрд теңгеден астам несие сомасының 3786 қарызы бойынша пайыздық мөлшерлемесіне субсидия берілді. Бұл ретте кәсіпкерлер үшін түпкілікті мөлшерлеме 8%-ға тең болды;

2) 55,9 млрд теңгеден астам несие сомасының 2540 қарызы бойынша кепілдік (85%-ға дейін) берілді;

3) 1,9 млрд теңге сомасындағы 659 өтініш бойынша 5 миллион теңгеге дейін өтеусіз негізде мемлекеттік гранттар берілді;

- факторингтік мәмілелер қаржыландырылды (100 млн теңгеге дейін, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 8,5%-ға тең). Өнім осы жылы іске қосылды. Бүгінде 593 млн теңгенің 11 жобасы қаржыландырылды;

- Индустриялық және Арнайы экономикалық аймақ аумақтарында жер телімдері берілді. Оның резиденттері салықтық және кедендік төлемдерден босату түріндегі артықшылықтармен қамтамасыз етіледі. Индустриялық аймақта және Арнайы экономикалық аймақта 238 резидент орналастырылды;

- шағын және орта бизнес (шағын өнеркәсіптік парк) субъектілері үшін қолжетімді өндірістік алаңдар берілді. Бұдан бөлек 4 млрд теңге сомасындағы 11 жоба іске асырылды. Онда 76 субъект орналастырылды;

- Апта сайынғы негізде кәсіпкерлерге жеңілдікпен жалға алу шарты бойынша демалыс күнгі ауылшаруашылығы жәрмеңкелерінде сауда орындары беріледі.

Өзгелердің жаңалығы