Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Соңғы алты жылда орташа жалақы қалай өсті?

13 Мамыр 2025, 10:13
695
Бөлісу:
 архив
Фото: архив

Қазақстандағы орташа жалақы өсімі алты жылдағы ең төмен деңгейге түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Былтыр Қазақстанда бір қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысы 423,1 мың теңге еді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,7%-ға жоғары. Алайда бұл соңғы алты жылдағы ең баяу өсім болып отыр. Тіпті нақты мәнде, яғни инфляцияны есепке алғанда, өсім небары 1,2% ғана.

Бес салада нақты жалақы төмендеген

Экономикалық қызмет түрлері бойынша қарастырғанда, 20 саланың бесеуінде нақты жалақы төмендегені байқалады. Атап айтқанда:
• Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында нақты төмендеу – 2,9% (312,8 мың теңге),
• Білім беру саласында – 3% (302,4 мың теңге).

Жоғары жалақы – байланыс пен кен өндіру саласында

Ең жоғары орташа жалақы кен өндіру өнеркәсібінде тіркелген – 981,4 мың теңге. Бірақ нақты өсім 3,8% ғана.
Ал «Ақпарат және байланыс» саласында орташа жалақы бір жылда 20%-ға өсіп, 859,8 мың теңгені құрады. Бұл – нақты өсімі бойынша ең жоғары көрсеткіш.

Ең төменгі жалақы ауыл шаруашылығында

Ауыл шаруашылығы саласында орташа жалақы – 248,9 мың теңге. Жылдық өсім – 7,2%. Осылайша, ең жоғары және ең төмен жалақы арасындағы айырмашылық шамамен төрт есе.

Аймақтар бойынша айырмашылық бар

Жалақының нақты өсімі алты өңірде теріс мән көрсетіп отыр. Ең жоғары нақты өсім – Ұлытау облысында (плюс 9,1%, 599 мың теңге).
Ал ең жоғары абсолюттік көрсеткіш – Атырау облысында (634,2 мың теңге), дегенмен бір жыл ішінде нақты төмендеу – 3,9%.
Ең төменгі орташа жалақы – Солтүстік Қазақстан облысында (300,1 мың теңге, плюс 1%).

Жалақының долларлық баламасы азайған

2024 жылдың бірінші тоқсанында орташа жалақының долларлық баламасы – 829,4 доллар болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш – 848,8 доллар еді. Мұндай төмендеуге ұлттық валютаның әлсіреуі әсер еткен.

Өзгелердің жаңалығы