Соңғы 3 жылда әскерде тек 1 суицид әрекеті тіркелді

19 Мамыр 2023, 17:01
1854
Бөлісу:
Соңғы 3 жылда әскерде тек 1 суицид әрекеті тіркелді

Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлім етті, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Осыған дейін Наурыз Сайлаубай бастаған Мәжіліс депутаттары Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа депутаттық сауал жолдаған еді. Олар Қорғаныс министрлігінен Қазақстан әскерінде соңғы 3 жылда сарбаздарға қатысты қозғалған істер туралы сұраған болатын.

Министр Руслан Жақсылықовқа жолданған сауалға Министрдің міндетін уақытша атқарушы генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев жауап берді. Ол 2020-2022 жылдар кезеңінде сарбаздарға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық статистикасын келтірді:

  1. Жарғыға жат әрекеттер (2020-13, 2021-24, 2022-16);
  2. Бөлімді өз бетімен тастап кету және басқа да жалтарулар (2020-1, 2021-1, 2022-1);
  3. Басқа да әскери қылмыстар (2020-1, 2021-1, 2022-0);
  4. Қауіпсіздік шараларын бұзу (2020-0, 2021-2, 2022-0);
  5. Мүлікті ұрлау (2020-1, 2021-0, 2022-2);
  6. Жалпықылмыстық істер (2020-0, 2021-0, 2022-1);
  7. Өзіне өзі қол жұмсау және оны жасау әрекеті (2020-1, 2021-0, 2022-0).

Жеке құрамның қаза табу, ауыр жарақаттар мен зақым келтіруге байланысты оқиғаның, сондай-ақ казармадағы бұзышылық көрінісінің барлық фактілері бойынша тез арада ықпал ету шаралары қабылданады. Яғни қызметтік тергеп-тексеру жүргізіледі, алғашқы себептер, жай-күй және лауазымды адам кінәсінің деңгейі айқындалады. Кінәлілерді қатаң тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы бұйрықтар шығарылып жатыр, - делінген жауапта.

Руслан Шпекбаевтың ақпаратынша, 2022 жылғы қыркүйекте Қорғаныс министрлігі «Өмірді сақта» бағдарламасын бекітті.

Қарулы күштердегі цифрландыру процесі жүріп жатыр. Оның аясында мерзімді қызмет әскери қызметшілері мен олардың ата-аналарымен бейнебайланыс өткізуге мүмкіндік беретін «Отбасымен бейнебайланыс» жобалық сервисі қолданысқа енгізілді. Барлық әскери бөлімде сарбаздардың ата-аналарымен әлеуметтік чат пен телефон байланысы арқылы кері байланыс жасалды, - дейді ол.

Сондай-ақ 2023 жылғы ақпаннан бастап әскерде «Ана көзімен ұлының қызметі» әскери-патриоттық акциясы басталған. Онда «Ана жүрегі» сарбаздар аналары комитетінің өкілдері әскери бөлімдер мен гарнизондарға барып олардың нақты тұрмыстық және қызметтік жағдайымен танысып, ашық әңгіме жүргізеді. Сол арқылы командирлерге өз ойларын бөлісіп, өздерінің ұсыныстары мен ескертулерін енгізеді.

Өзгелердің жаңалығы