«Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі зор мүмкіндіктерге жол ашады - Тоқаев

8 Қараша 2023, 09:51
597
Бөлісу:
«Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі зор мүмкіндіктерге жол ашады - Тоқаев
Фото: BAQ.KZ - архив

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізіне, осы бағыттағы ықпалдастықтың келешегіне баға беріп өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстанның теңізге шығатын жолы жоқ. Сондықтан Парсы шығанағындағы айлақтарға дейін жетіп, одан әрі Үндістанға шығатын «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі зор мүмкіндіктерге жол ашады әрі еліміздің экономикалық дамуын өрге сүйрейтін локомотивтің біріне айнала алады.

Аталған бағыт Еуразия құрлығындағы көлік қатынастарының құрылымын, тіпті кооперация мен өзара қарым-қатынас деңгейін түбегейлі өзгертуі мүмкін. «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту мақсатында тараптар инфрақұрылымды жаңғырту, терминалдардың қуаты мен жылжымалы құрамның санын арттыру, әкімшілік кедергілерді алып тастау және тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін үйлесімді жұмыс жүргізіп келеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Қазақстан мен Ресейдің өзара көлік байланысын, соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» бағытын нығайту, сайып келгенде, өзара сауда мен инвестиция көлемінің ұлғаюына оң ықпал етері сөзсіз.

Бүгінде халықаралық ынтымақтастық бағытында көлік-логистика саласының маңызы артып келеді. Шын мәнінде, әлемде көлік бағдарларына, логистикаға бақылау орнату үшін қызу бәсеке жүріп жатыр. Қазіргі кезде Еуразияның жаңа көлік құрылымы қалыптасуда. Мұны ойдағыдай жүзеге асырсақ, қатысушы тараптардың бәрі де экономикалық әрі саяси пайдаға кенелмек. Физикалық инфрақұрылымнан бөлек, тауар транзитіне арналған ортақ цифрлық жүйені қалыптастыру үшін нақты шешімдер әзірлеу өте маңызды. Ол сенімді әрі қолдануға оңай, озық цифрлық технологияларға негізделген шешім болуға тиіс. Қазақстан бар мүмкіндігі мен ресурсын жұмылдырып, сенімді логистикалық хаб ретінде қызмет көрсетеді. Тасымалданатын жүк көлемін арттыру үшін өз аумағымыздағы теміржол және автомобиль жолдарының талапқа сай келмейтін тұстарын реконструкциялауға әзірміз, - деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы