Солтүстік Қазақстанда толық локдаун жариялануы мүмкін

15 Қазан 2021, 20:13
9614
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстанда толық локдаун жариялануы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Соңғы 2 аптада СҚО-да COVID-19 ауруы 1,5 есеге артқан. Аймақтың санитарлық дәрігерлері өсуді екпе алу қарқынының төмендігімен және «дельта» штамының таралуымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды pkzsk.info.

Облыстың санэпидбақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Көшбасовтың айтуынша, соңғы уақытта бүкіл облыс бойынша күніне 200-300 адам екпе салдырады, бұл эпидемиологиялық жағдайға теріс әсерін тигізіп жатқан көрінеді.

Мысалы, Түркістан облысы мен Шымкентте халықты вакцинамен қамту жоспары 30 қыркүйекке дейін орындалды. Қазір екі аймақ та жасыл аймақта. Вирустың тарау қарқыны бәсеңдеді, шектеу шаралары жеңілдетілді.

2 аптадан астам уақыт Солтүстік Қазақстан облысы қызыл аймақта тұр. Егер аурудың өсу қарқыны тоқтамаса, біз кәсіпорындардың жұмысын тоқтатып, толық локдаун енгізуге мәжбүр боламыз. Бұл шара, әрине, мәжбүрлі, өйткені вирус тарап, жұқтырған адамдардың саны күрт артса бұл медициналық ұйымдарға үлкен салмақ болады, - деді Арман Күшбасов.

Қазіргі уақытта облыс бойынша КВИ емдеу үшін 1600 төсек-орын бар. Стационарларда 691 науқас жатыр. Инфекциялық төсектердің жүктемесі 43%-ды құрайды. Өңірдің медициналық мекемелерінде коронавируспен ауыратын науқастар үшін 115 реанимациялық орын жабдықталған, оның 44%-ы бос емес.

Өңірде 1,9 мың адам үй карантинінде. Олардың жартысында ауру жеңіл түрде өтіп жатыр, ал қалған науқастарда ауру симптомсыз өтіп жатыр.

1-14 қазан аралығында облыстың 1 622 тұрғыны коронавируспен ауырған. Өткен тәулікте COVID-19 ауруының 157 жағдайы тіркелді, 19 адам ауруханаға жатқызылған.

 


Өзгелердің жаңалығы