Солтүстік Қазақстан облысында 94 адам қар құрсауынан құтқарылды

19 Ақпан 2021, 12:17
1460
Бөлісу:
Солтүстік Қазақстан облысында 94 адам қар құрсауынан құтқарылды

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Кеше, ақпанның 18-і күні ауа райының құбылуына байланысты күндіз республикалық және облыстық маңызға ие бірнеше автокөлік жолдарының кейбір учаскелері жабылған болатын. Кешке боран күшейген соң барлық бағыттағы трассалар жабылды.

Кеше қарға батып қалған 34 автокөлік шығарылды. Онда 94 адам болған, 9-ы бала. Бұл құтқару операцияларына Төтенше жағдайлар департаментінің 23 қызметшісі қатысты. Таңертең боранның тоқтауына байланысты барлық жол ашылды, - деді СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камалов.

Кеше Есіл ауданына қарасты Бірлік ауылында кеше 19 және 7 жастағы екі бала жылқы қарауға шығып, жоғалып кеткендігі туралы ақпарат түскен. Полиция мен құтқарушылар оларды түнде ғана ауылдан 5 шақырым жерден, Есіл өзенінің бойынан іздеп тапты.

Сондай-ақ Тайынша ауданының тұрғыны балық аулауға шығып, боранда адасып кеткендігі туралы ақпарат бойынша да құтқарушылар іздеуге шығып, таңғы 5-тер шамасында Құмдыкөл көлінің жағасынан тапты. Адасып кеткен балықшы тек сигналдық ракета белгісінен кейін ғана батқан орны анықталды,- деді Рамиль Камалов.

Халықаралық жолдарды қар алуына байланысты Ресейден Қазақстанға бет алған 70 автокөліктен тұратын колоннаны да қар тазалағыш көліктің бастауымен алып жүруге тура келді.

 

 


Өзгелердің жаңалығы